Қоғам

Облыс әкімі азаматтарды қабылдау өткізді

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдау өткізді. Өңір жетекшісімен жүздесуге Ойқала ықшам ауданының тұрғындары келіпті. Талқыға салынған тақырып – тасқынға тосқауыл ретінде нығайтылған жолдың жайы. Жерлестерімізді алаңдатқан мәселе Жас өркен мен Зеречный кентіне шығатын көпірді байланыстыратын айналма жолдың төмендеуі.

ЕВГЕНИЙ КОЖЕВНИКОВ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– 2024 жылы айналма жолды су шайып, біраз төмендетті. Енді оны жөндеу керек. Сонымен қатар, көтеру керек деп ойлаймын. Өйткені, бізге тасқын қауіп төндіруі мүмкін.

Әр жылдың көктемінде шыбын жандарын шүберекке түйетін тұрғындардың өтініші орынды. Ұсыныс-тілек жерде қалмайды. Аймақ басшысы тиісті жұмыс атқарылатынын тілге тиек етті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Айналма жолды жөндейміз. Оның алдында кездесу өткізіп, тұрғындардың пікірін білеміз. Мен бұл істі жеке өз бақылауыма аламын. Биыл маңызды жобаны бастап кетеміз деген жоспар бар.

Облыс әкімінің қабылдауына Зайсан ықшам ауданының да екі тұрғыны келді. Оларды алаңдатқан мәселе – баспана. Анасы мен баласы тұрып жатқан жер үй мемлекет қажеттілігі үшін алынады екен. Бұл жайтқа қатысты арнайы құжат та күшіне енген. Ол бойынша әкімдік қала тұрғындарына басқа баспана табуы тиіс. Табылған, бірақ нысан өмір сүруге жарамсыз.

ИВАН ЧЕРНЫШОВ, Зайсан ықшам ауданының тұрғыны:
– Біздің мәселе бойынша арнайы комиссияның нұсқамасы шықты, ол мамырдың соңына дейін жарамды. Яғни, жазға дейін әкімдік баспана табуы тиіс еді. Назар аударатын жайт, ұсынған үйде тұру мүмкін емес. Төбеден су ағады, тар және тиісті жағдай жасалмаған.

Өңір жетекшісі Петропавл қаласының әкіміне бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдау барысында 4 мәселені қарастырды. Солардың барлығы бойынша жауапты тұлғалар нақты тапсырмалар алды.

 

Улан Ыдырыс