Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде Отан қорғаушылар күніне арналған шара ұйымдастырылды. Оқу ұясында «Жас сақшы» сыныбының өкілдері өнер көрсетті. Олар «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасына қолдау танытып, саптық дайындықтарын және әскери-патриоттық қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды.
ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
– Біздің мектептегі «Жас сақшы» сыныбына 20-ға жуық бала мүшелік етеді. Олар – 7-ші және 8-ші сынып оқушылары, яғни тұлға ретінде қалыптасу кезеңіндегі жасөспірімдер. Осы уақытта балаларға ерлік, борыш және мемлекет алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтарды дұрыс түсіндіру маңызды рөл атқарады. Ал «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы олардың азаматтық санасын қалыптастырып, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға ықпал етуде.
«Жас сақшы» сыныбы мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара әріптестік негізінде былтыр ашылды. Мұнда іріктелген оқушыларды мамандар тәртіп пен жауапкершілікке баулиды.
ЕРЛАН ҚАРИБАЕВ, Петропавл қаласы ПБ бастығының орынбасары:
– Қаламыздағы 3 білім ұясында осындай сыныптар ашылған. Олар: №29, №17 мектеп және М.Жұмабаев атындағы IT- лицейі. «Жас сақшы» сыныбына тәртібі үлгілі, белсенді оқушылар қабылданды. Бүгінде олар түрлі іс-шараларға белсене қатысып, құқық қорғау саласына қызығушылық танытып жүр. Алдағы уақытта шәкірттер ішкі істер органдарында қызмет етуге мүмкіндік алады.
Мұндай бастамалар жас буынның бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен тәртіпке деген құрметті қалыптастырады. Жалынды ұл-қыздар – болашағына сенім артар патриоттар.
ӘБІЛМАНСҰР ТАЛҒАТ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Мен 7-ші сыныпқа келгеннен бері «Жас сақшы» сыныбында оқимын. Бұл сыныпқа келгеніме өте қуаныштымын. Себебі, болашақта өз Отанымды қорғауым керек деп санаймын».
Ұйымдастырылған шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнаға мектептің талантты жастары шықты.
Жангельды Жамалиев