Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары марапатталды

Отан қорғаушылар күніне орай Петропавлда облыстық полиция департаментінің жеке құрамы сап түзеді. Аймақтың бас полицейі Абай Жүсіпов заң мен тәртіп сақшыларын атаулы датамен құттықтап, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтті.

АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД бастығы:
– Құрметті әріптестер! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге абырой тілеймін. “Заң мен тәртіп” қағидатын берік ұстана отырып, ел игілігі жолында адал қызмет ету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Отанымыз аман, еліміз тыныш болсын!

Мерекелік жиынның ендігі бөлігі – кезекті арнайы атақтар мен марапаттарды тапсыру рәсімі. Бұл күні 2 тәжірибелі офицердің иығына «полиция полковнигі» шені тағылды. Олардың бірі тылдық қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп жүрген Юрий Семенько болса, екіншісі – қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов. Қылмыспен күресте айрықша көзге түскен бірқатар қызметкер де еленді. Мамандарға мерзімінен бұрын шендер берілді. Сонымен қатар, үздік тәртіп сақшылары Ішкі істер министрлігі мен департамент басшылығының медальдарымен, төсбелгілерімен және грамоталарымен марапатталды. Құқық қорғау саласының ардагерлері де ұмыт қалмай, шара соңында құрметке бөленді. Бұл – буындар арасындағы сабақтастықтың жарқын үлгісі.

Жангельды Жамалиев