Бейбіт күннің батырлары! Алтынбек Әбдірахманов атындағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 5 өрт сөндірушіні құрметті еңбек демалысына шығарып салу рәсімі өтті. Мамандар облыс аудандары мен Петропавл қаласында қызмет етті. Әрқайсысының еңбек өтілі 20 жылдан асып жығылады. Қоштасу кеші барысында тағылымға толы әңгіме өрбіді. Шенділер зейнеткерлерге шапан жауып, құрметке бөледі. Енді кешегі қызметкерлер ардагерлер кеңесіне мүшелік етпек.
САҒЫНБАЙ УАЛИЕВ, СҚО ТЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Біздің ұйымда 250-ге жуық ардагер мен зейнеткер бар. Оларға тұрақты түрде материалдық көмек, әлеуметтік қолдау көрсетіп келеміз. Сонымен қатар, қатарластарымызды барлық мемлекеттік мерекелерге шақырамыз. Түрлі көрмелер өткізіп, жастармен кездесулер ұйымдастырамыз.
Бұл жандармен өткен кездесулердің маңызы зор. Себебі, айтар ақыл-кеңестері бар, өмірде көрген-түйгендері мол. Зейнетке шыққалы отырған маманның бірі – Алмат Жабаев. Жамбыл ауданында еңбек еткен ағамыз талай таңды, талай түнді жұмыста өткізген.
АЙМАТ ЖАБАЕВ, өрт сөндіру саласының ардагері, Жамбыл ауданы:
– Аталған салада 25 жыл жұмыс істедім .Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Бастысы командамен бірлесіп жұмыс істеу қажет. Сонда ғана қиын жағдайдан шыға аласың.
Бұл маңызды шараға зейнеткерлердің жақындары да қатысты. Олар құрмет көрсетілген жандарды құттықтай келіпті.
СҰЛУШАШ ЖАБАЕВА, Аймат Жабаевтың жары, Жамбыл ауданы:
– Барша зейнетке шығып жатқан мамандарды және отбасыларын құттықтаймын. Дендері сау болсын. Әрине, бұл салада еңбек ету оңай емес. Кез келген өрт қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан шыдамдылық, төзімділік тілеймін.
Сонымен қоштасу шарасының ең әсерлі сәтіне де келіп жеттік. Әріптестері құрмет иелерін еңбек демалысына су шашу дәстүрімен шығарып салды.