Бүгін Отан қорғаушылар күніне орай Петропавлдағы Тәуелсіздік стеласы маңында арнайы техниканың көрмесі өтті. Жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те қатысты. Аймақ жетекшісі іс-шара барысында ішкі істер органдарының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, тәртіп сақшыларына су жаңа 80 көліктің кілтін табыс етті. Кейін Ғауез Торсанұлы қаз-қатар тізілген техниканы тамашалауға кірісті. Олардың ішінде облыстық полиция департаментіне қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың әскери көліктері де бар. Іс-шараға құтқарушылар да қатысуда. Мамандар қала тұрғындарының назарына 6 арнайы техника ұсынып отыр. Олардың ішінде қолданысқа биыл ғана берілген аэроқайық та бар. Мамандардың сөзінше, бұл техника әмбебеп, оған қоса өтімділігі де жақсы.
САЯН ҒАЛЫМЖАНОВ, СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары:
– Аэроқайық ең бірінші қолданысқа түскен күні мұз астына түсіп кеткен өңір тұрғынын ажалдан аман алып қалдық. Бұл – өте тиімді техника. Судың үстінде қалай жүзсе, мұзда да дәл солай қозғалады. Жылдамдығы да жақсы.
Көрмені тамашалауға келген балалардың қарасы қалың болды. Қуатты техникаға таңданыспен қараған ұл-қыздардың қуанышында шек жоқ.
– Барлық өңір тұрғындарын батырлар күнімен құттықтаймын. Маған көрме ұнады. Болашақта мен де құтқарушы болғым келеді”.
– Барлығы ұнап жатыр. Әсіресе аэроқайық қызық екен. Бұндай көлік ертегіде ғана бола ма десем, бүгінде адам өмірін құтқаруда қолданылады екен.
Айта кетейік, жалпы көрме барысында төтенше жағдайлар мен полиция департаменттерінің 20-ға жуық техникасы көрсетілді.
Улан Ыдырыс