Отан қорғаушылардың қатарында криминалист пен кинологтар ойып тұрып орын алады. Бұлар – қылмысты ашу және тергеу жолында аянбай тер төгетін мамандар. Қырағы, салқынқанды, ұқыпты әрі білімді. Осылар шенділерді нәтижеге жетелейді. Мұндай қасиеттер талай жайтты бастан кешірген Азамат Ибраевтың бойында бар.
АЗАМАТ ИБРАЕВ, СҚО ПД жедел-криминалистика басқармасының аға криминалисі:
-Қылмыс орнына келеміз. Ең алдымен иіс іздері арнайы шыны контейнерде сақталатын фланельді майлықтарға түсіріледі. Ол үшін маталар ылғалдандырылып, үстінен алюминий фольгамен жабылады. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін иіс сіңген майлықтар контейнерге салынып, қақпағы мықтап бекітіледі. Барлық жұмыс оқиға орнында бөтен иістің қалмауы үшін қолғап пен пинцеттің көмегімен жүргізіледі.
Жиналған иіс үлгілері әрі қарай зертханаға жеткізіледі. Осы жерде қылмысты ашудың келесі кезеңі басталады. Бұл жұмысқа кинологтар мен арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер тартылады.
ЕВГЕНИЙ СИЧКОВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының кинологы:
– Зертханаға келгенде қызметтік иттің бастапқы тапсырмасы – донорлық иісті иіскеу. Бұл иісті жануар ұзақ ұмытпайды. Кейін төртаяқты арнайы аймаққа жіберіледі, онда бірнеше үлгі қойылады. Ит төңіректі аралап жүріп, өзіне таныс немесе сәйкес иісті тапса, оны отыру, жату немесе қозғалыссыз қалу арқылы көрсетеді, бұл белгі камераға тіркеледі. Соңында бірнеше жануардың нәтижесі салыстырылады, егер көпшілігі бірдей иісті көрсетсе, сараптама нәтижесі дұрыс деп есептеледі.
Яғни, криминалист, кинолог және қызметтік ит бірлесе жұмыс істейді. Жай ғана емес, үйлесімді түрде әрекет етеді. Қазақ итті бекерден-бекер жеті қазынаның қатарына қоспайды.Мұндай дәлдік – ұзақ дайындықтың жемісі. Иттер арнайы бағдарлама бойынша үйретіліп, түрлі жағдайда жұмыс істеуге бейімделеді. Әр жаттығу олардың қабілетін шыңдап, иісті ажырату мүмкіндігін арттыра түседі.
ЕВГЕНИЙ СИЧКОВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының кинологы:
– Итті арнайы идентификацияға арналған курс бойынша дайындау шамамен 2-3 айды алады. Дегенмен, бұл уақыт иттің қабілетіне және кинологтың тәжірибесіне байланысты өзгеруі мүмкін. Дайындық осы аралықта негізгі деңгей қалыптасады, бірақ жұмыс мұнымен тоқтамайды. Кейін де тұрақты түрде жаттығулар жүргізіліп, аптасына 2-3 рет иіс үлгілерімен тәжірибе жасалады.
Осылайша жоқтан бар жасалады. Көзге көрінбейтін дәлелдерді нақты фактіге айналдыру қылмысты ашуға, жауаптыларды анықтауға әкеледі.
Жангельды Жамалиев