Қоғам

Қарасай мен Ағынтай батырлардың рухына тағзым етілді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Мамыражай мамырдың кезекті мерекесінде солтүстіктік жұрты жылда Қарасай мен Ағынтай батырлардың рухына тағзым етеді. Бұл бекерден-бекер емес. Біз Отан қорғаушы деген ұғымға жіліктеп қарайтын болсақ, бүгінмен, кешемен немесе ондаған жылдық тарихпен шектелмеуміз керек. Тереңге бойлаған жөн. Ал тереңде ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен шапқан тұлпардың тұяғы тозатын атырапты аманат еткен бабалар бар. Сол баһадүр бабалардың ішінде Қарасай мен Ағынтайдың орны бөлек.

Айлап аттан түспеген, бойда рухы өшпеген Қарасай мен Ағынтай десе, көз алдымызға жаугершілік заман келеді. Екеуі – қазақ жерін көздің қарашығындай сақтаған батыр, екеуі – адал достықтың символы, екеуі – тарихи тұлға. Мұндай ерен ерлерге құрмет көрсетпеу – ұрпаққа сын. Дәстүрлі шараға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол гүл толы себетін алған курсанттармен ескерткішке беттеп, тағзым етті. Жиналған халықта есеп жоқ. Жерлестеріміз тарихты бүгінмен байластырып, бойдағы жігерді жанитын ескерткішке кезек-кезек жақындап, ортақ міндетті бір кісідей орындады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Қарасай мен Ағынтай – бірегей батырлар. Ескерткіш 1999 жылы ашылды. Айыртау ауданында батырлар жерленген жерде мазар салынды. Ескерткіш 2017 жылы “Қазақстанның киелі жерлері картасына” енді.

 

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Бұл – біздің ұрпақ үшін жасалып жатқан дүние. Еліміз аман болсын! Ата-баба рухына тағзым етіп келіп тұрмыз. Бұл – бірліктің белгісі.

Отан қорғаушылар күніне арналған шараға оқушылар да қатысты. Көздерінде от ойнаған ұл-қыздар да өткен мен бүгінге құрметпен қарайды.

– Батырларды жақсы білеміз. Оларды әрдайым құрметтеп өтеміз.
– Мерекемен ерлер қауымын құттықтаймын! Бүгінгі шарада ерекше сезімді бастан кештім.

Қарасай мен Ағынтай батырлардың рухына тағзым ету – тарихты бағалау, қастерлеу. Солтүстік жұрты мерекеде алдымен баһадүрлердің ескерткішіне келіп, бас ию Отан қорғау жолында опат болған барлық адамға құрмет көрсету деп біледі.

Байболат Култанов