Облыста басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен сақшылар аз емес. Осыдан тура бір жыл бұрын Астраханка ауылында орын алған өртті еске алайық. От бүтін бір отбасыға қауіп төндірді. Қуанышызға орай, қос офицер – Руслан Қасымов пен Ғабит Сәбитов адамдарды құтқарды. Мереке қарсаңында шенділер тілсіз жаудан аман қалған аққайыңдықтармен кездесті.
ЗАРИНА БЕРДАЛИНА, Астраханка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Барлығы аман-есен. Қатты қорықтық, бірақ тәртіп сақшылары бәрін дер кезінде байқап қалған. Қызметкерлердің сол сәтте келіп қалғанына таңғалдық. Біз тіпті хабарласып та үлгермеген едік.
Оқиға өткен жылдың мамыр айында болған еді. Түнгі патрульдеу кезінде аға лейтенанттар үй мұржасынан шыққан жалынды көріп, бір сәтке де іркілмеген. Олар түтінге толған баспанадан үш кішкентай баланы сыртқа шығарып, патрульдік көлікке отырғызған. Артынша үй иесімен бірге шатырға көтеріліп, өртті толықтай ауыздықтаған. Көп ұзамай шаңырақта қуаныш орын алды – дүниеге нәресте келді.
РУСЛАН ҚАСЫМОВ, қалалық ПБ ППБ инспекторы:
– Сол түні ауа райы өте суық әрі желді болды. Шатырдың тұтанып жатқанын көре сала әріптесім екеуіміз үйге қарай ұмтылдық. Ең бірінші кезекте кішкентай балаларды сыртқа шығаруды бастадық.
Бүгінде Руслан Қасымов қалалық бөлімшеде, ал Ғабит Сәбитов облыстық батальонда қызметін жалғастырып жүр. Тәртіп сақшыларының бұл ерлігі – антқа адалдықтың жарқын көрінісі.
ҒАБИТ СӘБИТОВ, СҚО ПД ППБ инспекторы:
– Біздің басты міндетіміз – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адам өмірін сақтау. Үйде адамдар, әсіресе балалар бар екенін білген соң, басқаша әрекет ету мүмкін емес еді.
Полицейлердің ерлігі көбіне жария етіле бермейді. Олар үшін ең зор марапат – халықтың алғысы, ақ батасы.
Жангельды Жамалиев