Тайынша ауданында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен
төрт жас жігіт ұсталды. Қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қойды қорада тұрған жерінен қолды қылып отырған. Бір қызығы, қорадағы жоғын мал иелері байқамапты. Қылмыстар полицияның күнделікті жүргізетін жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.
– Ладно, всё, забирайте его!
Ұсталған төрт күдікті – 20 мен 24 жас аралығындағы тайыншалықтар. Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген. 1 мамыр күні малды өткізгеннен кейін бірден күдіктілер ұсталды.
АЛМА ИБРАЕВА – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі :
– Қазіргі уақытта мал ұрлығының төрт дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Барлығы 23 бас мал ұрланған, оның 12-сі алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Аталған тұлғалардың ұқсас қылмыстарға қатысы бар ма, жоқ па – тексерілуде.
Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-жайларды көзге көрінетін жерлерге орналастыруға және өздеріне тиесілі малды қорғау бойынша өзге де шаралар қабылдауға шақырады. Облыста жыл басынан бері 6 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылған.
Данаш Хамза