Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехника бойынша дүниежүзілік олимпиаданың өңірлік кезеңі ұйымдастырылды. Озық ойлы оқушылардың байқауына қатысуға 20-ға жуық жас ниет білдірген. Олар бірнеше санатта бақ сынады. Доданың талабы бойынша ұл-қыздар әр аталымда өз роботтарын құрастырып, оларды түрлі тапсырмаларды орындауға бағдарламалауы тиіс. Тартысқа толы сайыстың қорытындысы бойынша барлық санатта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
ОЛЖАС ҚИНАЯТ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің зертханашысы:
– Бірінші орын иеленген командалар 18-19 маусым күндері Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысады. Балалардың дайындық деңгейі жақсы. Бірнеше жыл қатарынан қатысып жүрген құрамалар бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысының намысын республика деңгейінде де сәтті қорғайды деген ойдамыз.
Айта кетейік, Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Тимур Искаков пен Тимур Койло былтыр дүниежүзілік олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысып, жүлдегер атанды. Кейін жастар Сингапурда жалауын желбіреткен жаһандық жарыста Қазақстанның намысын қорғады.
Байболат Култанов