Петропавлдың басты алаңында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жас мамандары ант қабылдап, қызмет жолына ресми түрде қадам басты. Шара барысында “Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін” деп ұрандатқан қыз-жігіттерге шен табысталды. Бұдан былай олар облыстағы түзету мекемелерінде еңбек етеді.
ЗАРИНА БАЙХАДАМОВА, СҚО бойынша ҚАЖД баспасөз хатшысы:
– Шара барысында 20-дан астам қызметкер мен олардың ата-аналары марапатталады. Сонымен қатар, мереке қарсаңында қызметке жаңадан қабылданған 16 қызметкер ант қабылдайды. Оларға сержанттық және шен табысталады.
Ант қабылдау – жас маманның қызығы мен шыжығы мол қызметке қабылдануын айқындайтын ресми рәсім. Осыдан кейін жас қызметкерлерге жүгі мол жауапкершілік артылады. Тиісінше, олар елімізге адал қызмет етуі тиіс.
Шара барысында аталған салада талай жыл бойы қызмет етіп жүрген қызметкерлер арнайы медальдармен марапатталды. Бұл білікті мамандар – жаңадан ант қабылдап жатқан жастарға үлгі. Шарада құрметке бөленгендердің бірі – Айбол Қожахметов. Оның қаладағы №48 түзету мекемесінде тер төгіп жүргеніне 15 жылға жуықтаған. Бүгін оның талай жылғы еңбегі еленіп, “Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалі табысталды.
АЙБОЛ ҚОЖАХМЕТОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №48 мекемесі режим бөлімінің бастығы:
– Еңбек жолымды тергеу изоляторында бастап, кейін Айыртау ауданында орналасқан №51 мекемеде жалғастырдым. Қазіргі уақытта №48 түзету мекемесінің режим бөлімі бастығымын. Жұмысымыз негізінен занның ала жібін аттағандарды қадағалау болып табылады. Сондай-ақ, аумаққа тыйым салынған заттардың кіргізілмеуін де бақылап отырамыз.
Жаңа буын алдағы қызметін асқан жауапкершілікпен атқаруға дайын. Салада тәжірибелі маман мен жастар сабақтастығы жалғасып келеді. Бұл – саланың тұрақты дамуының негізгі кепілі.
ДИДАР БӘШЕНОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №66 мекемесінің бақылаушысы:
– Мен елімнің патриоты ретінде еңбек жолымды қылмыстық-атқару жүйесінен бастауды мақсат еттім. Мұнда адам күн сайын қызметке кіріскенде өз міндетін толық түсініп, оны адал атқаруға тырысады. Бұл орта адамның ішкі тәртібін күшейтіп, өзін үнемі бақылауда ұстауға үйретеді. Осындай жауапты жұмыс нәтижесінде адам бойында берік тәртіп пен жоғары жауапкершілік қалыптасады.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыстың қылмыстық-атқару жүйесінде 400-ден астам адам еңбек етеді.
Жангельды Жамалиев