Балалар

Мұхит аспай-ақ халықаралық деңгейдегі диплом ал

Өңіріміздің креативті индустрияға бет бұрған жастары үшін Нью-Йорк киноакадемиясының Алматыдағы филиалы есігін айқара ашуда. Бір жыл бұрын елімізде жұмысын бастаған университет киноөндіріс, 3D-анимация, компьютерлік әзірлеу және ойын дизайны мамандарын даярлайды. Биыл 100 мемлекеттік грант бөліп отыр. Осыған орай Петропавлға Голливудтан арнайы маман – Марк Мокаби келді. Құрметті қонақ – аталған білім ордасының профессоры, сценарист әрі продюсері. Ол теріскейлік таланттарды Алатау баурайына шақырады.

МАРК МОКАБИ, Нью-Йорк киноакадемиясының Алматы қаласындағы филиалының профессоры:
– Қазақстандық жастардың бойында шығармашылық қуат өте жоғары. Біздің мақсатымыз – Голливуд стандарттарын Қазақстанға әкелу. Бүгінгі шеберлік сабағында көп баланың көзінен от көрдім. Біздің академияда білім алу арқылы олар әлемдік деңгейдегі кино нарығына шыға алады. Ең бастысы – талпыныс пен ағылшын тілін білу.

Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ғимаратында орналасқан. Оны теріскей өңіріне жақсы таныс Ғани Нығыметов басқарады.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ, Ғ.Дәукеев атындағы АЭБУ ректоры, Алматы қаласы:
– Бүгін Қызылжар өңіріне келіп отырған себебім – осы өңірді ерекше жақсы көремін. Бұл жердің жастары өте талантты және дарынды, қабілеті өте жоғары. Оларды арнайы оқуға шақырғым келіп отыр, Қызылжар өңірінің дарынды жастары шетелге бармай-ақ Алматы қаласында білім алып, халықаралық диплом иелене алады.

Бүгінгі таңда техника, энергетика, инженерия, байланыс салаларының мамандарын даярлайды. Осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін мектеп оқушылары қазірден бастап біліктіліктерін сынауда. Соның бірі – Аслан Рыскелді. Ол АЭБУ университеті ұйымдастырған пәндік олимпиадаға қатысып, грантқа үміткер атанып отыр.

АСЛАН РЫСКЕЛДІ, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушысы:
– Бұл шараға қатысқан себебім – осы университетке түсуді жоспарлап отырмын. Олар мықты мамандар даярлайды. Мен бағымды сынап университеттің олимпиадасына қатыстым.

Аталған оқу орындарының бәріне биылғы жылы мемлекеттік грант бөлінді. Халықаралық грант алу үшін ұл-қыздарға тек ҰБТ тапсырып, ағылшын тілі мен шығармашылық емтиханнан өту қажет. Түлектер үшін құжат тапсыру маусымы жақын арада басталмақ.

Жаннур Бектурганова