Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қоғамдық даму және ақпарат пен жастар ресурстық орталықтары белсенділерінің ұйымдастыруымен “Естелікті бірге сақтайық” атты патриоттық-экологиялық акция бастау алды. Шара аясында барлық ауданда ескерткіштердің аумағын тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Бүгін волонтерлер, белсенді жастар, қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары бірлесіп 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткіш маңайын тап-тұйнақтай етті.
МҰСА АУБАКИРОВ, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Бұл тек аумақты абаттандыру ғана емес, ең алдымен ата-бабаларымыздың ерлігіне деген құрмет және тарихи мұраны сақтауға қосылған үлес деп айтуға болады. Осындай игі бастамалар әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, туған жерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау. Осындай нақты істер арқылы біз тазалық пен тәртіп әр азаматтың өзінен басталатынын көрсеткіміз келеді.
314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткішті тазалауға 100-ге жуық белсенді келді. Қатысқан жастар бұл істі азаматтық борышымыз деп санайды.
– Осындай маңызды іске үлес қосып жатқаныма қуаныштымын. Өз тарихымызды қастерлеу – әрбір жастың асыл парызы деп санаймын.
– 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Ата-бабаларымыз біздің қазіргі бейбіт өміріміз үшін бар күшін салған. Сол себепті, ескерткішті тазалау – біз үшін тағзым.
– Мен осындай шараларға жиі қатысып тұрамын. Қоршаған ортаны ұқыпты ұстауға өз үлесімді қосқым келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта акция аясында түрлі форматтағы іс-шаралар жалғасын табады. Ұлы Жеңіс күніне орай қала колледждерінде тақырыптық фильмдер көрсетіліп, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмыстары жүргізілмек.
Жаннур Бектурганова