Денсаулық сақтау

Ербол Исақаев: “СҚО-да медициналық университет ашудың қажеті жоқ”

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық университет ашылуы тиіс. Жақында интернетте осындай петиция жарық көрді. Бастаманы теріскейлік ата-аналар қауымы қолдап, бірсыпыра қол да жиналды. Алайда, бұған негіз жоқ. Қозыбаев атындағы университеттің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев журналистермен жүздесіп, қара шаңырақ қабырғасында медициналық факультет барын алға тартты.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
– 2018 жылы Қозыбаев университетінде медициналық факультет ашылды. Бізде бакалавриат, магистратура, тіпті резидентура бар. Бізге түлектер “Жалпы медицина”, “Фармация” және “Медицина” мамандықтары бойынша түсе алады. Қазіргі таңда 182 студент білім алуда. Алдағы оқу жылында Үндістан, Қытай, Сирия, Иордания, Бангладеш, Өзбектан және Ресейден талапкерлерді қабылдауды көздеп отырмыз.

Жоғары оқу орны өңірдегі ірі медициналық ұйымдармен әріптестік орнатқан. Білім алушылар 15 аса базада білімдерін толықтыра алады. Қуантарлық тағы бір жаңалық – жаңа бағыттың ашылуы. Болашақта Қозыбаев университетінде тіс дәрігерлері де дайындалмақ.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
– Жақын арада өңірдегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында «Стоматология» білім беру бағытын ашу жоспарлануда. Біз бакалавриатқа, магистратураға ниет танытушыларды қабылдамақпыз. Сонымен қатар, орта медициналық білімі бар тұлғалар үшін «Медицина» бағдарламасын іске қосамыз. Онда құжат тапсырушылар «Фельдшер» және «Акушер» біліктілігімен білім алады.

Ағымдағы оқу жылында медициналық факультетті 98 студент тәмамдайды. Ербол Исақаев алдағы айдың соңына таман құжат қабылдау науқаны басталатынын айтып өтті. Ата-аналар мен түлектер сол жерде толғандырған сұрақтары бойынша толық ақпарат ала алады.

Байболат Култанов