Қоғам

Әскери прокурорлар мен ардагерлер Ұлттық ұлан академиясының курсанттарымен кездесті

Елімізде “Сарбазға прокурорлық кеңес” республикалық профилактикалық акциясы бастау алды. Оның аясында Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасының өкілдері мен ардагерлер Ұлттық ұлан академиясының курсанттарымен кездесті. Тілдесу барысында заңнама талаптары түсіндірілді, әскери қызметшінің құқықтары мен міндеттері жіпке тізілді.

МАРЖАН ТАЛАПКЕР, ҚР ҰҰ академиясының баспасөз хатшысы:
– Іс-шараның басты мақсаты – курсанттардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, осы сияқты жиындар арқылы әскери тәртіпті нығайтқымыз келеді.

Тағылымы мол жиын “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізіліп отыр. Шара барысында прокуратура органдарының ардагерлері курсанттармен өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Баға жетпес ақылдарын айтты. Бұл болашақта мына отырған тепсе темір үзетін жігіттерге зор септігін тигізері сөзсіз.

ҚАЙША АХМЕТОВА, СҚО прокуратурасының ардагері:
– Мен прокуратура органдарына 35 жылымды арнадым. Осы уақыт ішінде талай қылмыстың бетін аштық, талай жанның құқығын қорғадық. Өмірімді аталған салаға арнағаныма еш өкінбеймін. Бүгін курсанттарға жаңа Конституция жобасы жайлы айтқым келіп отыр. Курсанттар Ата заңды жетік меңгеруі тиіс. Қызметті жолда туындаған қиындықты еңсеруде құқықтық тұрғыда сауатты болу аса маңызды.

Ашық диалог форматында өткен шарада курсанттар әскери прокурорлар мен ардагерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Оларды көбінесе әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтық қорғау мәселелері алаңдатты. Келген меймандар сауалдарға тұшымды жауап берді.

ДАНИЯР ОРАЛҒАЗЫ, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– Әскери қызмет – зор жауапкершілік пен батылдықты талап ететін абыройлы міндет.Бұл іс-шараның біз үшін маңызы зор. Ардагерлерден алған тәлім бізге өмір бойы азық болады.

Кездесу соңында қатысушыларға цифрлық бақылау құралдары, кері байланыс арналары мен сенім телефондары жайлы ақпар берілді. Шарадан кейін келген меймандар академияның тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кету керек, алдағы уақытта әскери прокурорлар Петропавлдағы әскери бөлімдерді араламақ.

Нурасыл Ахмет