Грек-рим күресінен Әлем және Азия чемпионы Айдос Сұлтанғали өзі білім алып, шыныққан облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резерв колледжінде болды. Ол білім ордасында артынан еріп келе жатқан ізбасарларымен кездесіп, тәжірибесімен бөлісті. Жастарға байрақты бәсекелерде қолданған ерекше әдістерін көрсетті. Спортшының бозкілемге шығар алдында физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да қалай дайын болу қажеттігін айтты.
АЙДОС СҰЛТАНҒАЛИ, грек-рим күресінен Әлем чемпионы:
– Чемпион болу үшін қайтпас қайсар мінез керек. Талмай еңбек етіп, жаттықтырушыларды тыңдау қажет. Үнемі ізденісте болу да аса маңызды.
Еліне елеулі, халқына қалаулы спортшы үшін бұл мектептің орны бөлек. Толағай 2009-2014 жылдар аралығында дәл осы білім ордасында тәлім алған. Спорттық мансабын осында бастады десек қателеспейміз. Райымбек Жақсылық Айдос Сұлтанғалиді үлгі тұтады. Болашақта аталған толағай сынды дүбірлі додаларда көк туымызды көкке желбіреткісі келеді. Көздеген мақсатына жету үшін оған мұндай кездесулер жастарға ауадай қажет.
РАЙЫМБЕК ЖАҚСЫЛЫҚ, облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резерв колледжінің оқушысы:
– Жыл басында ел чемпионатында жеңімпаз атандым. Қазір Азия чемпионатына дайындалып жүрмін. Дүбірлі дода алдында чемпионмен кездесіп, ақыл-кеңесін естігеніме қуаныштымын.
Айдос Сұлтанғали бірер күннен кейін Қазақстан кубогында өнер көрсетеді. Аталған жарыста жеңіске жетсе, Жапонияда өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғайды.
Нурасыл Ахмет