Қоғам

Сергей Худяков: “Петропавлда бірде-бір ПИК қайта тіркеуден өтпеген”

Былтыр 15-ші қыркүйекте Қазақстанда тұрғын үй шаруашылығына қатысты заңнамаға түзетулер енгізілді. Құжат бойынша пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары Әділет департаментіне барып, міндетті түрде қайта тіркеуден өтуі тиіс. Әйтпесе, мәжбүрлі түрде таратылатын болады.

ӘЙГЕРІМ ЖАМАЛИЕВА, СҚО әділет департаментінің бас маманы:
– Қайта тіркеуден өту үшін ПИК төрағалары нысан бойынша өтінішті, тұрғындар арасында өткен жиналыстың хаттамасын әкелуі тиіс. Сонымен қатар, тіркеу алымының төленгені туралы түбіртек те қажет. Егер қандай да бір сұрақтар болса тұрғын үй инспекциясына жүгінсеңіздер болады. Егер талап орындалмаса біз сотқа жүгінеміз.

Жаңа құжат бойынша, ПИК төрағалары тұрғын үй инспекциясына баспана ішінде немесе маңайында атқарылған жұмыстар жайлы есеп беруі тиіс. Сонымен қатар, тұрғындарға жиналған ақшаның қайда кеткені жайлы да айтуға міндетті. Бұл бармақ басты, көз қыстылық әрекеттердің алдын алуға септеседі.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Қазіргі таңда Петропавлда 200-ден астам ПИК бар. Оның бірде-бірі қайта тіркеуден өтпеген. Осы ретте төрағаларына тезірек қимылдау қажет екенін жеткізгім келеді. Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса маған жүгінулеріңізге болады. Айта кетейін, бүл түзетулер баспаналардың жаңаруына және тұрғын үй саласының дамуына тың серпін береді.

Айта кету керек, пәтер иелері кооперативтері 16-шілдеге дейін қайта тіркеуден өтуі тиіс.

Нурасыл Ахмет