Петропавлда “Қызылжар барысы” турнирі бастау алды. Дәстүрлі додаға облыстың барлық ауданынан сайдың тасындай іріктелген 80-ге жуық палуан қатысуда. Олар 5 салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтайтын болады.
ДӘУРЕН НҰРҒОЖИН, турнирдің бас төрешісі:
-Бүгінгі жарыс Халық ойындарына іріктеу болып саналады. Сонымен қатар, Түйе палуандар күзде Семей қаласында өтетін «Қазақстан барысына» жолдама алады.
Турнирде бақ сынап жатқан палуанның бірі – Жомарт Ақтілеуов. Ол 2 белдесу өткізіп, қарсыластарының жауырынын жер иіскетті. Қазақ күресі жақсы дамыған Қызылорда өңірінің тумасы былтырғы сайыста сан соғып қалыпты. Биыл топ жарып, бөркін аспанға атуға ниетті.
ЖОМАРТ АҚТІЛЕУОВ, палуан, ҚР ҰҰ Академиясының курсанты:
– Бүгінгі сайыста Петропавлдың мен деген палуандары жиналған. Жеңіл қарсылас жоқ, барлығы мықты. 60 келі салмақта күресемін. Басты мақсат – осы турнирде жеңімпаз атанып, 23 жасқа дейінгілер арасында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында қатысу.
Бозкілемде атой салған тағы бір палуанның бірі – Досжан Сапарғали. Тимирязев ауданының өкілі қарсылас шақ келтірмей, ақтық сынға жолдама алған.
ДОСЖАН САПАРҒАЛИ, палуан, Тимирязев ауданы:
– Күреспен 10 жылдан бері айналысамын. Бүгінгі қарсыластарым мықты болды. Олармен өткен жылы да белдестім, бүгін де сынға түстік. Әзірге жеңіске жетіп жатырмын. Ертең – ақтық кездесу, топ жаруға сынық сүйем ғана қалды. Басты мақсат – “Қызылжар барысын” жеңіп, ҚР чемпионатына ілігу.
Айта кетейік, “Қызылжар барысы” турнирі ертең аяқталады. Мамырдың 6-шы жұлдызында 30-ға жуық Түйе палуан сынға түседі. Сонымен қатар, бүгін финалға жолдама алған спортшылар алтынды сарапқа салатын болады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар өңір намысын республикалық сайыстарда қорғайтын болады.
Улан Ыдырыс