Қоғам

Облыс прокуратурасы 124 инвестициялық жобаны сүйемелдейді

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы 124 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан бастамалардың жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғаюы ықтимал. Себебі, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Маңызды құжат еліміздің беделін әлемдік қоғамдастықта арттыра түседі, қалталы азаматтар үшін тұрақтылықты тағы бір мәрте кепілдендіреді. Берік Асыловтың сөзінше, республикада «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы 3 жылда кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер саны 4 есеге немесе 71,5%-ға қысқарды. Қазіргі уақытта прокуратура органдары жалпы сомасы 100 трлн теңгені құрайтын шамамен 3 мың инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 250-ден астам жоба іске қосылып, 30 мың жұмыс орны құрылды.

Байболат Култанов