Сәуірдің соңында Астанада муай-тайдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға еліміздің 16 өңірінен келген 400-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Соның 28-і теріскейдің намысын қорғады. Нәтижесінде жерлестеріміз 7 бірдей алтын, 6 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Чемпионның бірі – Азамат Хайриденов. Ол 54 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді.
АЗАМАТ ХАЙРИДЕНОВ, муай-тайдан ҚР чемпионы:
– Үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Алғашқы кездесу өте тартысты әрі қиын болды. Финалдық жекпе-жек те оңай өткен жоқ. Бар күшімді салып, жеңіске жете алдым. Енді алдымызда Грекияда өтетін Әлем чемпионаты тұр. Қазір сол дүбірлі додаға қызу дайындық жүргізіп жатырмыз.
Азамат ел біріншілігінде алматылық және астаналық қарсыластарын жеңіпті. Финалда оңтүстік астанадан келген муайтайшыны тізе бүктірген. Теріскейлік муайтайшылардың уыс-уыс жүлдемен оралуы заңдылық деп білген жөн. Теріскейде тепкенін теңселтетін, ұрғанын есеңгірететін спортшылар жетерлік. Оларды білікті бапкерлер дайындайды. Осының арқасында шаршы алаң шеберлері абыройымызды асқақтатып жүр.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:
– СҚО-да бұл спорт түрі өте қарқынды дамып келеді, тек бір залдың өзінде 400-ге жуық бала тұрақты түрде жаттығады. Бапкерлер білікті. Жастарды физикалық және психологиялық тұрғыда дайындаймыз. Биылғы Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Былтыр жарысқа 250 спортшы қатысса, биыл қатысушы саны 427-ге жетті.
Әзірге Грекияда Әлем чемпионаты қандай айда өтетіні белгісіз. Теріскейлік спортшылар Олимпия қаласынан олжалы оралуды басты мақсат санап отыр.
Жангельды Жамалиев