БалаларБілімМәдениет

“Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі

Қызылжар төрінде жырдың жалыны тұтанып, рухтың шамшырағы қайта жанды. Облыс орталығында “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауының облыстық кезеңі өтті. Ақиық ақынның аты берілген колледжге өңіріміздің әр ауданынан талантты мектеп оқушылары келген. Олар бірнеше бағытта бақ пен бап таластырады.

ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, “Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері:

– Шарада қалалық, аудандық білім беру мекемелерінен іріктелген 47 оқушы бақ сынады. Байқау 4 бағытта өтті: Мағжанның шығармаларын жатқа оқу, зерттеу жүргізу, өлең жазу және ән орындау.

Нәрлен Байболат – Айыртау ауданы үкілеп топқа қосқан талантты жас. Ол марғасқа Мағжанның шығармашылығына құмар. Бүгін “Ақында бір бала ғой айға ұмтылған” аталымы бойынша өнер көрсетті. Өзінің жүрегінен шыққан жыр жолдарын көпшілікке ұсынды.

НӘРЛЕН БАЙБОЛАТ, Мағжан оқуларына қатысушы, Айыртау ауданы:
– Осы сайысқа қатысып жүргеніме 2 жыл болды. Дайындығым жылдан жылға артуда. Мағжанның “Сен сұлу” өлеңі ерекше ұнайды. Әкем ақын болғандықтан соның жолын қуып, өлең жазамын.

2004 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан додаға қатысушылар – 8-10-шы сыныптың оқушылары. Маусым айында Қызылжар өңірінде “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы өтеді. Ақтық кезеңге үздіктердің үздігі ғана жолдама алады.