А. Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектепте Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күніне орай “Саптық ән” байқауы өтті. Бұл іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл мектептің 3-6 сыныптарынан 200-ден стам оқушы қатысты. Сапқа тұрған ұл-қыздар патриоттық рухтағы әндерді орындап, саптық дайындықтарын паш етті. Жыл сайын бұл іс-шара Ұлттық ұлан академиясының қолдауымен өткізіліп келеді. Биыл да әскери оқу орнының курсанттары білім ордасына арнайы келіп, балаларға нағыз сарбазға тән тәртіп пен айбындылықтың үлгісін көрсетті.
ГҮЛДЕН АЛЕНОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің директоры:
– Бұл байқау біздің мектебіміздегі патриоттық тәрбие беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз тек ән айтып қана қоймай, балалардың бойындағы жауапкершілікті, ұйымшылдық пен ерік-жігерді шыңдаймыз.
Қазылар алқасы оқушылардың киім үлгісіне, қадамдарының біркелкілігіне және ән орындау шеберлігіне баға берді. Сайысқа бір ай бойы дайындалған ұл-қыздар өздерінің үздік екенін дәлелдеуге тырысты.
ЖАНЕЛЬ ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің оқушысы:
– Осы іс-шараға дене шынықтыру, музыка пәндері мұғалімдерімен және сынып жетекешісімен бірге дайындалдық. Қазақ және орыс тілінде ән шырқадық. Саптық дайындықты көрсетіп, командада жұмыс істей алатынымызды дәлелдей алдық деген ойдамын”.
Байқау қорытындысы бойынша 5 “Г” және 6 “Б” сыныптары жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен дипломдар табысталды.
Жаннур Бектурганова