БалаларҚоғам

“Заң мен тәртіп”: білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру

Жастар арасында кейде теріс ортаға еліктеу мен жеңіл қаралатын әрекеттердің салдары еленбей жатады. Осыған байланысты Петропавл қаласында «ШЕК: әзіл қай жерде аяқталып, жауапкершілік қай жерде басталады?» атты профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара барысында студенттерге құқықтық жауапкершілік пен өмірлік таңдау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиын жастарды саналы шешім қабылдауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға бағыттады. Студенттер мұндай қауіптерден аулақ болудың жолдарын жақсы білетіндерін айтты.

ЖҰЛДЫЗАЙ СҰЛТАН, студент:
– Спортпен айналысып, сабақты жақсы оқып, дос таңдай білген жөн.

Жыл басынан бер өңірде есірткі құқықбұзушылықтарының 97 дерегі тіркелді. Бұл статистика өткен жылмен салыстырғанда төмендегенімен, қауіп әлі сейілген жоқ. Есірткі қылмыстарының ішінде 47 дерек – сату фактісі, 4 дерек аса ірі мөлшерде сақтауға қатысты. Сондай-ақ, арасында заңсыз тасымал мен есірткіні насихаттау да кездеседі. Жиынға қатысқан жастарға мәселенің салдарын нақты көрсету мақсатында бейнематериал ұсынылды.

АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
– Жастар кейде жеңіл қаралатын әрекеттердің өзі үлкен жауапкершілікке әкелетінін ескере бермейді. Сондықтан, біз осы кездесуде нақты мысалдар арқылы құқықбұзушылықтың зардаптарын көрсетіп отырмыз. Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымына тартылу мәселесі де ерекше назарда. Бұл – тек бір адамның емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіретін фактор.

Айта кету керек, осындай маңызды шаралар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Жангельды Жамалиев