Күн жылынды, елімізде жол салу және жөндеу жұмыстары қарқын алды. Өзіміз жақсы білетіндей, Солтүстік Қазақстан облысында жылда ауқымды шаруа атқарылады. Жоспар жай ғана жүзеге аспауы тиіс. Тізімге енген тірліктің барлығы сапалы орындалуы міндетті. Ал ол үшін білім мен білік қажет. Сондықтан Петропавлда жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, мердігерлерге және бақылаушы тараптың қызметкерлеріне оқыту семинары өтті. Алқалы жиынды ұйымдастырушы – Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының облыстық филиалы. Кездесуде аталған орталықтың қызметі жайлы кеңінен айтылды. Сынама алып, тексерумен, кемшіліктерді анықтаумен айналысатын ұйым соңғы уақытта цифрландыруға басымдық берген.
ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК СҚОФ директоры:
— Бүгінгі семинарда керн қалай алынады, зертханада қалай тексерілетіні жайлы айтамыз. Осылардың негізінде хаттама жасалады. Яғни, жолда анықталған кемшіліктің барлығы тіркеліп, «KazRoadLab» цифрлық жүйесіне енгізіледі. Мұнда кем-кетік сақталады. Соларды жоймай, нысан пайдалануға қабылданбайды. Жүйенің басты артықшылығы – барлық процестің ашықтығын қамтамасыз етуінде. Яғни, барлық сынамалар мен тексерулер нақты уақыт режимінде тіркеліп, картада көрсетіледі. Бұл деректердің бұрмалануына жол бермей, адам факторын азайтады.
Өткен жылы орталық филиалының мамандары 2,5 мыңнан астам сынама алды. Соның 13%-ы нормаларға сәйкес келмеген.
Қазіргі уақытта мердігерлер ақауларды жоюда. Айта кету керек, семинарды өткізу үшін Петропавлға Астанадан арнайы сарапшылар келген.
ҚАЙЫРБАЙ СӘДУАҚАСОВ, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ведомстволық сараптама бөлімінің жетекші сарапшысы:
— Семинарда нормативтік-техникалық құжаттардағы өзгерістер бойынша да айтылады. Сондай-ақ, орташа жөндеу жұмыстарына ведомстволық сараптама жүргізу жөнінде де ақпарат ұсынамыз. Сұрақтар көп. Біз Петропавлға бас директордың тапсырмасы бойынша келіп отырмыз. Мақсатымыз – жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, оларға әдістемелік қолдау көрсету. Осыны жүзеге асырғымыз келеді.
Мұндай оқыту семинарын өткізу – орталықтың жоспарына енгізілген міндет. Осымен Қазақстанның барлық өңірінде 4 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.
Байболат Құлтанов