Қоғам

Петропавлда орнитологиядан сайыс өтті

Орталық саябақта спорттық орнитология бойынша жарыс өтті. Шараны ұйымдастыруға American Corner Petropavl ұйымының өкілдері қолдау көрсетті. Сайысқа кез келген ниет білдіруші қатыса алды. Жарыстың шарты – шектеулі уақыт ішінде құстардың барынша көп түрін суретке түсіріп алу керек. Қазылар алқасы ретінде Астана мен Курчатов қалаларынан арнайы келген бёрдвотчерлер қатысты.

МИХАИЛ КАЛАШНИКОВ, СҚО бердвотчерлер клубының жетекшісі:

— Бёрдвотчер – бұл құстарды бақылаумен айналысатын адам. Біреулер оны хобби ретінде жасайды, ал кейбіреулер ғылыми бағытта айналысады. Бүгінгі шарада отбасымен келген командалар да қатысып отыр. Қала тұрғындарының табиғатты бақылауға деген ынтасы қуантады.

Солтүстік Қазақстан өңірі құстарға бай. Қатысушылардың үздігі 30-ға жуық құс түрін анықтай алды. Өңірімізде сирек кездесетін балықшы қыран, ақбас үйрек сияқты түрлері де тіркелген. Мамандардың айтуынша, қала тұрғындарының бердвотчингке қызығушылығы артуда. Бұған дейін мұндай жарыстар тек мектеп оқушылары мен студенттер арасында өткізілген. Ал бұл жолы жас ерекшелігіне шектеу болған жоқ. Ең жас қатысушы 7 жаста болса, ең үлкені 67-де.

ӘМІР КӘРІМБАЙ, шараға қатысушы:

— Бердвотчингпен 3 жыл бойы айналысып келемін. Бала кезімнен табиғатты ерекше сүйемін. Эколог мамандығын тәмамдағаннан кейін, осы бағытта еңбек етуді шештім. Қазір құстың 8 түрін суретке түсіріп алдым, уақыт аяқталмай тұрып тағы бірнеше түрін бейнелеп үлгеремін деп үміттенемін.

Байқау соңында ең көп құс түрін суретке түсірген қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар қатарын жиілетіп, қала тұрғындарын табиғат әлемімен көбірек таныстыруды жоспарлап отыр. Ал ізденімпаздарға қосылғысы келетін табиғатсүйер жандарға петропавлдық бердвотчинг клубының есігі әрдайым ашық.