Спорт

Облыс орталығында қазақ күресінен “Петропавл барысы” турнирі өтті

Шаһардың үздік палуандарының сайысы. Сенбі күні облыс орталығында қазақ күресінен “Петропавл барысы” турнирі өтті. Жарысқа “Сен тұр, мен атайын” дейтін 20-дан астам спортшы қатысты. Палуандар 82 келіге дейінгі және 82 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетті.

Әдемі әдістер мен кескілескен талас-тартыстар жарыстың көркін қыздырды. Барлығының сайысқа тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Әр кездесу әр палуан үшін қиынға соқты. Осыдан-ақ соңғы жылдары облыста төл күресіміздің қарыштап дамып келе жатқанын көруге болады.

ДӘУРЕН НҰРҒОЖИН, жарыстың бас төрешісі:

—  Соңғы жылдары өңірде қазақ күресіне ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде биыл екі палуанымыз ел чемпионаты мен кубогында чемпион атанды.

Бұл сайыс 6-мамыр күні өтетін “Қызылжар барысы” турниріне іріктеу болып табылады. Кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Түйе палуандар арасында Ұлттық ұлан академиясының курсанты Мадияр Мақаш қарсыластарын қоғадай жапырып, чемпион атанды. Ол жеңіс жолында 3 белдесу өткізіпті.

МАДИЯР МАҚАШ, жарыс жеңімпазы:

— Негізінен дзюдомен айналысамын. Екі спорт түрінің ережесі мен әдістері ұқсас болған соң қазақ күресінен де жарыстарға қатысып жүрмін. Дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионымын.

Түйе палуандар арасында күміс жүлдеге әккі палуан Қанат Өмірзақ ие болды. Жастармен иық тірестіре өнер көрсетіп жүрген азамат осы күнге дейін бірталай жетістікке жеткен.

ҚАНАТ ӨМІРЗАҚ, жарыстың күміс жүлдегері:

— “Қызылжар барысы” турнирінде бірнеше рет жүлдегер атандым. Республикалық турнирлерде де жеңімпаз атандым.

Енді Мадияр Мақаш пен Қанат Өмірзақ қала намысын “Қызылжар барысы” турнирінде қорғайды. Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, облыста мыңнан астам адам қазақ күресімен тұрақты түрде айналысады.

Нұрасыл Ахмет