Қоғам

Кинологтармен және қызметтік иттермен танысу

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазақ халқы үшін иттің орны бөлек. Кезінде ата-бабамыз тазыны аңға салып, қиқуласа, төбетті түз тағысына қарсы асырады. Ал бүгінгі таңда үй жануарларының қандай пайдасы бар? Пайдасы көп. Осыны жастарға ұғындыру мақсатында Петропавлда арнайы акция ұйымдастырылды. Бүгінгі шара “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізілуде.

Кинологиялық қызмет орталығына Ескендір Даутов атындағы Петропавл қаласы қызмет көрсету саласы колледжінің және Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенттері шақырылған. Күтпеген қонақтарды қоршауда тұрған иттер былай қарсы алды.

САМАТ ТӨЛЕБАЕВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:
– Алдымызда неміс овчаркасы тұр. Ол одорологиялық бағытта жұмыс істейді. Алматыда дайындалған.

Қызметтік иттерге күніне 2 мезгіл тамақ беріледі. Әрқайсысымен жаттығу жұмысы жасалады. Иісшілдері жасырылғанды іздесе, қылмыскерлерді ұстайтындары жүгіру-секіру әрекеттерін қайталайды. Осының барлығы студенттерге айтылды.

САМАТ ТӨЛЕБАЕВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:
– Кинологиялық қызмет орталығында 20 ит бар. Олар әртүрлі бағытта жұмыс істейді.

Қызметтік иттер 4 айлықтарынан бастап дайындалады. Бұл кезеңде олардың бойында мінез қалыптасады екен. Жануарлардың бойындағы қасиетті ояту, ашу – кинологтың міндеті. Олар біраз күш жұмсайды.

БИБІГҮЛ СҰЛТАНОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының қызметкері:
– Іс-шара жастардың бойында заңға деген құрметті қалыптастыруға, құқық қорғау органдарындағы қызметті дәріптеуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі қызметтік жануарлардың рөлін түсінуге бағытталған. 40 студент қатысып отыр. Бұл жердегі мамандардың жұмысы оңай емес. Соны қыз-жігіттерге түсіндіру мақсатында келдік.

Кинологиялық қызмет орталығымен танысу шарасы жастарға ұнады. Көпшілігі мұнда алғаш рет келіп отыр.

ВИКТОРИЯ ЮРАШ, Е.Даутов атындағы қалалық қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
Бұған дейін мұнда болған емеспін. Тіпті, осындай орталықтың барын білмедім. Көріп, танысып жатырмыз. Барлығы ұнады. Бізге көп кинолог пен ит керек екен. Олар қылмысты ашады. Бізге осы жайлы айтып берді.

“Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында осы сынды акциялар жалғасады. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар жастарға өзге де ұйымдардың қызметін көрсетпек ниетте.

Байболат Култанов