Қоғам

Геннадий Зенченко көзі тірі болса бүгін 89 жасқа толар еді

4 мамыр – Новоникольское ауылының тұрғындары үшін айрықша күн. Дәл осы күні Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің негізін қалаушы, елге сыйлы аграршы Геннадий Иванович Зенченко дүниеге келген. Оның өмірден өткеніне 10 жылға жуық уақыт өтсе де артында қалдырған еңбегі мен адамгершілік жолы халық жадынан өшкен емес.

ЛЮБОВЬ ТЕРТЫШНАЯ, Новоникольское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен осы ауылда туып-өстім. Геннадий Ивановичтің ауылға алғаш келген кезінен бастап бәрін көзімізбен көрдік. Ол кезде шаруашылықтың жағдайы қиын еді. Бірақ өзінің еңбегімен, табандылығымен ауылды көтерді. Бүгінде ауылымыз көркейіп, гүлденіп тұр. Бізге – зейнеткерлерге мұнда өте жайлы. Таза ауа, жасыл желек, ауылымыз жинақы. Мәдениет үйі, дүкендер, балабақша – бәрі халық үшін жасалған. Ол әрдайым ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүргенін қалаушы еді.

ДЕНИС ДАВЫДОВ, Новоникольское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
-Геннадий Иванович ауылдың дамуына орасан еңбек сіңірді. Оның жасаған жақсылығын халық ешқашан ұмытпайды. Үйлер салынып, ауыл көркейді. Осындай еңбегі үшін біз әрдайым алғыс айтып, құрметпен еске аламыз.

Геннадий Иванович көзі тірі болғанда 89 жасқа толар еді. Ауыл тұрғындары жерлестерін тек білікті басшы ретінде емес, қарапайым халықтың жағдайын ойлаған жанашыр азамат ретінде еске алады.

ДАНА ХАМЗИНА, Новоникольское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Осы ауылда тұрып жатқанымызға 42 жыл болды. Біз көшіп келген кезде Геннадий Иванович шаруашылықты енді дамытып жатқан еді. Үлкендер оның өте мейірімді, қарапайым адам болғанын айтып отыратын.

АЛЕКСАНДР КОЗЛОВ, Новоникольское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ол нағыз еңбек адамы болды. Қарапайым халыққа жақын, адамгершілігі мол жан еді. Бүгінде ауылда бой көтерген дүниенің бәрінде оның еңбегі жатыр. Геннадий Иванович ауылдың құлдырауына жол бермей, халыққа тірек бола білді.

Бүгінде Новоникольское – көшелері таза, әлеуметтік нысандары, спорт кешені мен балабақшасы бар заманауи ауылдардың бірі. Мұның бәрі – Геннадий Иванович бастаған еңбектің жемісі. Оның ауылды дамытуға деген ұстанымы мен туған жерге деген жанашырлығы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазір әкесінің ісін ұлы – Геннадий Геннадьевич Зенченко жалғастыруда.

Жангельды Жамалиев