Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік бағдарлама да ауқымды. Елімізді мекен еткен барлық этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп алып, мәре-сәре болып жүр. Жыл өткен сайын бұл мейрамның мәнісі тереңдеп, ұлттардың достығын нығайта түскендей. Бұл сөзімізбен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов толықтай келіседі.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Этностар арасында татулық болса ғана еліміз дамиды. Солтүстікқазақтандықтарды бірлігі жарасқан халық деп айта аламыз. Теріскейде тұрып жатқаныма мақтанамын.
Бұл күні бір атаның балаларындай болған қазақ, орыс, корей, украин және елімізде тұратын өзге де ұлт өкілдері әуелете ән шырқап, достық биін биледі. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты. Ол солтүстікқазақстандықтармен тілдесіп, жылы лебізін білдірді. Өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Шарада бас алаңды бойлай түрлі шатырлар тігілген. Ондағы қойылған жәдігер мен тағам түрлерінен әр халықтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, мәдениеті мен тарихынан мол ақпар алуға болады. Республикалық тәжік этномәдени бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Убайдулло Раджабовтың облысқа көшіп келгеніне 30 жылдан асқан. Азамат теріскейге қоныс аударғанына еш өкінбейді.
УБАЙДУЛЛО РАДЖАБОВ, республикалық тәжік этномәдени бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:
— Қазақстанға туыстарыммен бірге көшіп келдім. Бізді барлығы жылы қарсы алды. Қолдарынан келгенше көмектесті. Бұл жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймын. Қазіргі таңда мен өзімді солтүстікқазақстандықпын деп санаймын. Өңірімнің дамуына зор үлес қосқым келеді.
Бүгінде тәуелсіз еліміздің әлемдік аренада өзіндік орны бар. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезе теңестірді. Бұған отанымызды мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілінің тамшыдай болсын қосқан үлесі бар. Олармен көк аспанымыз, жеріміз бен суымыз, ауамыз ортақ. Демек салт-дәстүріміз бен мәдеиетіміз де солай болуы тиіс. Салтанатты шара аясында өткізілген концерттің де меңзегені осы.
Күмбірлеген күй, әсем ән, көздің жауын алатын киімдер мен мың бұралған бишілер. Мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін өз өнерін көрсетіп, бас алаңға жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Көрермен назарына барлығы 30-дан астам нөмір ұсынылды. Бұл күні солтүстікқазақстандықтар бірліктің нағыз үлгісін көрсетті деп айтуға болады.
1-мамыр мерекесінің тарихы терең. Оның тойланып келе жатқанына 140 жылға жуықтады. Ал еліміз егемендік алғалы бері аталмыш дата Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып өтуде. Айтулы мейрам баршамызға ортақ. Татулық пен тыныштық берік орнаған отанымызда халықтар достығы мәңгілік жасай берсін. Бұл – солтүстікқазақстандықтардың тілегі.
Ата-бабамыз сонау қиын шақта жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін бөлектемей, бауырына басты. Жоғарыда айтқандай елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Олардың әрқайсысы өздерін өзге емес, қазақстандықпыз деп санайды.
Нұрасыл Ахмет