Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Тайынша ауданында көктемгі егіс науқаны басталды

Тайынша ауданында көктемгі егіс жұмыстары басталды. Маңызды науқанға алғашқылардың бірі болып “GCK-Тайынша Астық” серіктестігі кіріскен. Агроқұрылым мамандары алдымен алқаптарына жасымық егуде. Танаптарда 3 заманауи техника жүйткіп жүр.

ЕРКІН ЕСКЕНДІРОВ, “GCK-Тайынша Астық” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

— Былтыр мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға 3 “Кировец” тракторы мен 3 тұқымсепкіш және комбайн сатып алдық. Бізге “Кең дала-2” бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен несие берілді. Бастапқы жарна аз және жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Бұл жұмыстың алға басуына және егіс науқанын ерте бастауға ықпал етті.

Әр серіктестіктің өзіндік жұмыс тәсілдері бар. Мысалы, тайыншалық агроқұрылым минералды тыңайтқышқа басымдық береді. Астықтың өсуіне көмек боларлық дүниені көпке созбай пайдаланады.

НҰРЖАНАТ ҚАҢТАРБАЕВ, “GCK-Тайынша Астық” ЖШС директорының орынбасары, Тайынша ауданы:

— Егілген жасымыққа бірден минералды тыңайтқыш себудеміз. Биыл су жаңа тұқымсепкіштер алдық. Бұл құрылғы дәнді бірдей тереңдікке түсіріп, біркелкі себуге көмектеседі.

Биыл “GCK-Тайынша Астық” серіктестігі 58 мың гектар алқапқа дән сіңіруді жоспарлап отыр. Оның басым бөлігі дәнді дақылдарға арналған. Соңғы жылдары агроқұрылым майлы дақылдарға да ерекше көңіл бөлуде.

АСҚАР БЕКЗАТ, “GCK-Тайынша Астық” ЖШС агрономы, Тайынша ауданы:

— Бүгінгі күні алқапта жасымық дақылын егу жұмыстары жүргізілуде. Егіс барысында топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында «гамафоз» тыңайтқышы қатар енгізілуде. Жұмысқа заманауи техника жұмылдырылған. Артымызда «Horsch Maestro» сепкіші мен «CLAAS» тракторы қатар жұмыс атқаруда. Бұл сепкіштің басты артықшылығы – тұқымды жоғары дәлдікпен себуі және егу тереңдігін біркелкі сақтауы.

Жоспар бойынша серіктестік көктемгі дала жұмыстарын 5-ші маусымда аяқтайды. Мерзімнен кешікпес үшін жақын арада іске қарқын қосылмақ. Айта кету керек, Тайынша ауданында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектарға жуық аумаққа егіледі.

Жангельді Жамалиев