Бұл жайт кез келген адамның жағасын ұстатары айдан анық. Ойбайға салып, сан соқпас үшін балаларды көзден таса қылмау керек. Ал егер бақыламай, ұл-қыздардың терезеден құлауына жол берсек не істейміз? Әрине, ойлаудың өзі қиын. Бірақ, бұны да қаперде ұстау керек. Негізгі талап Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды. Білікті дәрігер Владимир Жужгов ережені ретімен жіпке тізді.
ВЛАДИМИР ЖУЖГОВ, СҚО жедел медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары:
— Бала құлады. Мұндай сәтте бірден оның қорылдап немесе демалып жатқанын байқаймыз. Артынша бірден 103 нөмірін теріп, қоңырау шалу керек. Нақты мекенжай мен зардап шегушінің жағдайы айтылады. 10 минутта бригада келеді. Ал оған дейін баланың басын ұстау керек, мұрны мен аузын топырақтан, қан мен сілекейден арылтқан жөн. Яғни, демалуын қамтамасыз еткен маңызды. Артық қозғалтуға қатаң тыйым салынады.
Бұл мәселе бекерден-бекер қаузалып отырған жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында балалардың терезеден құлау жайты жиіледі. Сондықтан жауаптылар дабыл қағуда.
ӘСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД басқарма бастығы:
— Біздің өңірдегі ахуал мәз емес. 1 айда 3 бала терезеден құлады. Ал былтыр 4 бала зардап шеккен еді. Яғни, былтырғы статистикаға таяп қалдық. Соңғы оқиға Береке ықшам ауданында болды. Қауіпсіздікке барынша назар аудару керек.
Баланың саулығына бірінші кезекте ата-ана мен заңды өкілдері жауапты. Егер алда-жалда терезеден құлау жайты тіркелсе, солар әкімшілік жазаға тартылады. Нақтырақ айтсақ, 64 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды.
ЗАРИМА ЖАКИНА, Петропавл қаласы ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы:
— Терезеге арнайы бекіткіш орнату керек. Балаларға қауіпсіздік ережелерін әрдайым айтып отыру қажет.
Сөз соңында ел көлеміндегі сандармен де бөлісейік. Ағымдағы жылдың 4 айы ішінде Қазақстанда 58 ұл мен қыз терезеден құлаған. Өкінішке қарай, 7 бала өмірмен қоштасыпты.
Байболат Құлтанов