СТЕНДАП: ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
— Біз қазір “Бозқарағай” балалар сауықтыру орталығындамыз. Мұнда бүгін Қызылжар ауданының 200-ден астам педагогы бас қосты. Ұстаздар бұл аумақты қоқыстан тазалап 500-ден астам көшет отырғызбақ ниетте.
АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы, Қызылжар ауданы:
— Бүгін біз “Бозқарағай” балалар сауықтыру орталығының аумағында қарағай, шие бұталарын отырғызып жатырмыз. Бұдан бөлек төңіректі қоқыстан тазалаймыз. Сонымен қатар, балалар сауықтыру орталығын келер маусымға дайындаймыз. Бұған дейін тазалық акциясын Сосновка ауылында өткізген едік. Алдағы уақытта аудандық білім беру мекемелерінің қызметкерлері Бескөл ауылында да сенбілік өткізіп, көшет отырғызады.
Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған жандардың бірі – Ольга Михайлова. Ұстаз бүгін көшет отырғызды. Айтуынша, игі іс-шара “Бозқарағай” балалар сауықтыру орталығы аумағындағы көкжелек қорын арттыруға, оның айналасындағы тазалықты сақтауға септігін тигізеді.
ОЛЬГА МИХАЙЛОВА, Красноярск орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
— Аталмыш іс-шараларға жиі қатысамын. Өзім география және биология пәнінің ұстазымын. “Бозқарағай” балалар сауықтыру орталығының табиғаты өте ерекше. Оны кезінде зерттеген едім. Мұндағы кейбір қарағайлардың жасы 200 жылдан асады, бұдан бөлек Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер бар. Сол себепті де осындай тұмса табиғатты сақтап, аялауымыз қажет.
Тазалық акциясына Қызылжар ауданының 39 мектебі мен 5 балабақшасынан келген ұстаздар мен тәрбиешілер қатысты. Айта кетейік, “Бозқарағай” балалар сауықтыру орталығы жаз келісімен жұмысын бастайды. Биыл мұнда 6 ауысымда 500-ге жуық бала тынығады.
ҰЛАН ЫДЫРЫС