Бірлік күні қарсаңында Петропавлда айтулы шара өтті. Қаламыздың қақ ортасындағы “Ботай” АРТ-галереясында “Ботай арулары” атты этностильдегі топтама таныстырылды. Өткеннен бүгінге жеткен мол мұрамызды көпшілік назарына “Jibek Joly” сән театры ұсынды. Оның жетекшісі – тарихтың тереңіне бойлаған, құндылықтарымыздың әрмен қарай жаңғырғанын қалайтын Гүлбақша Мұсабаева. Өңірімізге танымал азаматша біраз ізденген. Нақты деректер негізінде ойын жүзеге асырған. Топтаманы 1 ай ішінде дайындаған.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, “Jibek Joly” сән театрының жетекшісі:
— Солтүстік өңірдің ерекшелігі – Ботай мәдениеті. Ол халықаралық деңгейде бренд бола алады. Сол себепті, біз бүгін тұңғыш рет “Ботай арулары” топтамасын дайындап, көрерменге ұсынып отырмыз.
Айта керу керек, бүгінгі шарада “Париж сұлулары” және “Жібек жолы” топтамалары да таныстырылды. Жалпы, 15-ке жуық жаңа киім үлгілері көрсетілді. Мұндағы әр киімнен еуропалық талғампаздық пен ұлы даланың өрнегі сезілді.
Жаннұр Бектұрғанова