Солтүстік Қазақстан облысында білім беру саласының қызметкерлері мен оқушылар жаппай ағаш отырғызды. Игі іске зейнеткер ұстаздар да қатысуда. Олар осы арқылы өскелең ұрпаққа жол көрсетіп, үлгі болғысы келеді. Айта кету керек, шараның өтуіне облыстық білім басқармасының “Әдістемелік орталығы” мұрындық болып отыр.
ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, әдістемелік орталық директорының орынбасары:
— Тазалық шарасы арқылы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Отырғызылған шыршаларды міндетті түрде баптаймыз. “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен бірде-бір шарадан қалған емеспіз.
Мына жиналған жұртшылық “Тұңғыш Президент” саябағына 20 сібір шыршасын отырғызды. Білім беру саласының өкілдері аталған ағашты бекерден-бекер таңдамаған. Біріншіден, сібір шыршасы ауаны тазалайды. Екіншіден, жапырақтары мүлдем түспейді. Яғни, қысы-жазы демалыс орнына көрік беріп тұрады. Шарада бос тұрған адамды көрмейсің. Бірі ағаш отырғызып жатса, енді бірі оны суаруда. Игі акцияға мектеп оқушылар белсенді қатысып жатыр.
КРИСТИНА ИЗЮМНИКОВА, С.Мұқанов атындағы №32 орта мектептің оқушысы:
— Өзім тұрып жатқан қаланың көркеюіне үлес қосып жатқаныма өте қуаныштымын. Сыныптастарыммен бірге тазалық шараларынан қалмаймыз. Мектептің айналасын да тап-тұйнақтай етіп жинап қоямыз. Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауға тиіспіз. Бүгін отырғызған ағашым жайқалып өсіп кетсе екен деймін.
Маңызды жұмыс аяқталғаннан кейін ұстаздар саябаққа құстарға арналған ұяларды ілді. Айта кету керек, шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткізіліп отыр. Алдағы уақытта “Әдістемелік орталық” қызметкерлері ұстаздардың отбасыларын жинап, дәл осы демалыс орнына тағы жасыл желек егуді жоспарлап отыр.
Нұрасыл Ахмет