Құқық қорғау органдары

57 жастағы петропавлдық жарты келі гашишпен ұсталды

Петропавлда есірткі сату күдігімен жасы 60-қа таяған ер адам ұсталды.
Ол есірткі таратумен айналысқан. Ұстау кезінде одан гашиш салынған 3 түйіншек тәркіленді. Тұрғылықты жерін тінту барысында сатуға дайындап қойған есірткі партиялары, нашаны пайдалану мақсатында қолдан жасалған құралдар табылды.

АЛМАЗ ЖӘКЕНОВ – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:

— Тәркіленген гашиштің жалпы салмағы 463 грамнан асты. Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталған адамның каннабиноидтарды қолдану салдарынан есірткілік мас күйде болғаны анықталды. Оның әрекеттері ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында есірткі заттарын заңсыз сақтау ретінде саралануда. Тергеу жүргізілуде.

Жыл басынан бері полицейлер облыста 100-ге жуық есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Заңсыз айналымнан 12 келіге жуық есірткі тәркіленген. Оның жартысынан астамы – синтетикалық түрі.