Денсаулық сақтау

Жұқпалы аурудың алдын алу шарасы

Теміржол вокзалында тырысқақ ауруының таралуына жол бермеу мақсатында арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Бұдан еш қорқудың қажеті жоқ. Өңірде аталған дерт бойынша жағдай тұрақты. Шараны өткізудегі басты мақсат – тұрғындардың амандығын қамтамасыз ету, жауапты мамандардың дайындығын пысықтау.

ҒИЗАТ БАЙМАҒАМБЕТОВ, Ақмола бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиолиялық бақылау басқармасының СҚО бойынша бөлім басшысы:

— Тырысқақ – өте қауіпті дерттердің бірі. Алғашында адамның іші өтіп, құсқысы келеді, терісі құрғайды. Дер кезінде тиісті ем қабылдамаған жағдайда соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Аталған ауру көбінесе климаты ыстық елдерде белең алған. Қазақстанда соңғы рет 2014 жылы тіркелді. “Сақтықта қорлық жоқ”. Кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет.

Алдын ала ойластырылған сценарий бойынша Ливан мемлекетіне жұмыс сапарымен барған жерлесіміз ұшақпен Астанаға түседі. Кейін Петропавлға пойызбен келе жатады. Облыс орталығына жетер бойда жолсерікке өзінің ауырып тұрғанын жеткізеді. Құсқысы келіп, әлсіздік пайда болғанын, сонымен қатар, терісінің құрғап кеткенін айтады. Оны естіген теміржол маманы бірден санитарларға хабарласып, тырысқақ дертін жұқтыруы мүмкін жолаушыны арнайы бөлмеге оқшаулайды. Пойыз тоқтағаннан кейін оқиға орнына дәрігерлер мен санитарлар келеді. Науқастың қан қысымын тексеріп, медициналық мекемеге алып кетеді. Науқасты әкеткеннен кейін пойыздың іші толығымен дезинфекцияланды. Бұл – жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жасалған шара.