Қоғам

Тасқынға тосқауыл қойған әскери қызметшілерді шығарып салу рәсімі

Петропавлдың “Жеңіс” саябағында су тасқынына қарсы алдын алу жұмыстарына қатысқан алматылық әскерилерді шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің өкілдері мен сарбаздары Алғыс хаттармен марапатталды. Ортаға шақырылған азаматтар – толарсақтан саз, тізеден су кешкен жігіттер. Олар 40 күннен аса тер төкті. 20 мыңнан астам қапты қаптап, табиғи апаттың алдындағысын басуға жол бермеді.

ДОСЖАН ТӘЛІП, Б.Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары, Алматы облысы:

— Біз Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында, сондай-ақ Боголюбово, Прибрежное және Тепличное ауылдарында жұмыс істедік. Келген бойда екі топқа бөліндік. Екінші топ Заречный ауылында болып, сол аумақта жұмыстарды жүргізді.

Салтанатты шығырып салу барысында мінберге бірнеше солтүстікқазақстандық шықты. Олар әскери қызметшілерге алғыс білдірді. Айта кетейік, өңірге наурыз айының ортасында көмек қолын созу мақсатында Алматы облысынан 100 адам мен 8 техника келген еді.