СҚО әкімдігі

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті

Петропавлда облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиын тағайындаудан басталды. Бұдан былай СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін Ғалымжан Ілиясов басқарады. Аймақ басшысы шара барысында атқамінердің өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ғалымжан Молдабайұлы 1970 жылы Онтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазығұрт ауданы әкімдігінің жастар ісі, туризм, спорт бөлімінде бас маман болып бастаған. Осы тағайындауға дейін Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының қызметін атқарды.

Алқалы жиында ең алдымен облыстың 3 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жіпке тізілді. Атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Облыстық экономика басқармасының басшысы Наталья Дышканттың сөзінше, қаңтар-наурыз айлары аралығында аймақ экономикасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы саласында 42 млрд 100 млн теңгенің, өңдеу өнеркәсібінде 208 млрд 900 млн теңгенің өнімі өндіріліпті.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

— Қаңтар-наурыз айларында өңірге 78 млрд 300 млн теңге инвестиция тартылды. Жоспарды 95 пайызға орындадық. 3 айдың ішінде облыста 31 мың 300 шаршы метр үй қолданысқа берілді. Барлығы 269 млрд 800 млн теңгеге сауда-саттық жүргізілді. Бірнеше сала бойынша Ақжар, Ғ.Мүсірепов аудандары мен Петропавл қаласында жоспар орындалмай қалды.

Баяндамашы сөзін аяқтағаннан кейін облыс әкімі жоспарды орындай алмаған аудан әкімдері жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Қазіргі таңда облыста өрт қаупі жоғары кезең жүріп жатыр. Облыстық ТЖД мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қауіпті науқанға ауқымды дайындық жүргізген.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

—Қауіпті кезеңге 87 техника мен 269 адамнан тұратын арнайы топ жасақталды. 1 жылдың ішінде облыста 11 өрт сөндіру бекеті ашылды. Жылдам әрекет ету мақсатында 12 автомобиль мен 19 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы орман қоры 688 мың гектарды құрайды. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы аймақта 55 дала және 5 орман өрті тіркелген. Олардың әрқайсысында орманшылар оқиға орнына тез арада жетіп, тілсіз жаудың таралуына жол бермеді.

ЕРЛАН ТӘШІМОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

— Облыста 12 орман шаруашылығы бар. Мекемелер 21 өрт сөндіру машинасымен және 160-қа жуық трактормен қамтамасыз етілген. Биыл орын алған өрт оқиғаларының барлығы дерлік тұрғындардың кінәсінен болды. Қазіргі таңда рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның аясында 10-нан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Баяндамашы сөзін аяқтаған соң облыс әкімі жауапты мамандарға бірлесе жұмыс істеп, келеңсіз оқиғалардың алдын алуды тапсырды. СҚО-ның жергілікті жолдар желісінің ұзындығы 6300 шақырымды құрайды. Былтыр оның 10 пайызы жөндеу көрді. Маңызды іске 30 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Биылғы атқарылатын жұмыс жайлы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев айтып берді.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Ағымдағы жылы 300 шақырым жергілікті автомобиль жолдары жөндеу көреді. Маңызды іске 20 млрд теңге қаржы бағытталады. 2025 жылы салынған автомобиль жолдарының сапасын тексеру мақсатында Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен бірлесіп, 160-қа жуық тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Мыңға жуық сынама алынды. Анықталған олқылықтарды мердігерлер бірден жойды.

Облыста жыл сайын жүздеген шақырым жол жөнделіп жатыр. Жасыратыны жоқ, кейбірі 2-3 жылға жетпей желініп, шұңқырлар пайда болып жатады. Бұған шамадан тыс жүк тиелген көліктер кері әсерін тигізіп жатыр. Оларға арналған айналмалы жол өткелдер болса да көбі төтесінен түскенді жөн көреді. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы ауқымды жұмыс атқаруда.

НҰРСҰЛТАН ЖАМАШЕВ, СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

— 2025 жылы 5 мың 400-ден астам жүк көлігі тексерілді. Оның мыңға жуығы – шамадан тыс жүк тиеген. Иелеріне жалпы сомасы 213 млн теңге айыппұл салынып, өндірілді.

Жиын барысында күн тәртібіне шығарылған барлық мәселе жан-жақты қаралды. Облыс әкімі жауапты мамандарға анықталған кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды.

 

Нұрасыл Ахмет