Петропавлдың “Qyzylzhar” креатив орталығында дәстүрлі “Pro Future 2026” кәсіптік бағдар беру форумы өтті. Биылғы шара цифрландыру және жасанды интеллект жылына арналған. Сондықтан, басты назар IT-сала мен креативті индустрияға аударылды. Форумға 300-ден астам жас қатысты. Шара аясында панельдік сессиялар өткізілді. Спикер ретінде еліміздің бас қаласынан шақырылған “Astana HUB” сарапшылары мен ойын жасау индустриясының мамандары дәріс оқыды. Олар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін түсіндіріп, IT-мамандықтардың болашағы туралы баяндап берді. Сонымен қатар, дизайн және компьютерлік бағдарламалау бойынша кеңес берді.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Qyzylzhar” креатив орталығының директоры:
— Форумда білім беру мекемелері мен жұмыс берушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Балалар VR-технологияларды, дрондарды сынап көріп, кәсіби бағдар берушілерден кеңес алды. Көздегеніміз – IT маманы болып табыс табуға болатынын және бұл саланың қолжетімді екенін көрсету.
НИКИТА ТАШЛЫК, студент:
— Мен өзіме өте көп пайдалы ақпар алдым. Әсіресе, IT саласында табыс табудың жолдары қызықтырды. Мамандармен сөйлесіп, қай оқу орнына түсу керектігін де сұрастырдым. Осындай форумдар біз секілді таңдау алдында тұрған жастар үшін өте қажет деп ойлаймын.