Соңғы жылдары Мамлютка қаласында бұралқы ит қаптаған. Олар кейінгі кездері әбден құтырған көрінеді. Қаңғыбас төртаяқтылардың есіргені соншалық тұрғындардың қора-қопсысына кіріп, қанаттыларын шапқан екен.
Бұл – иесіз иттерден мезі болған Мамлютка қаласының бір топ тұрғыны. Азар да безер болған халық, қанаттыларынан айырылып, біраз шығынға батқан. Айтуларынша, аталмыш мәселе оларды 4 жылдан бері мазалап келеді.
ГАЛИНА СИЛЬЯНОВА, Мамлютка қаласының тұрғыны:
— Өткен жылы менің 30 тауығымды қырып кетті. Жесе біреуін ғана жеген шығар, ал қалғандарын жәй талап кеткен. Олар қазіргі күні тіптен жабайы, адам көзіне көп түсе бермейді. Түнде келіп тұрғындардың тауық, қаз, үйректерін қырады. Соңғы кездері балаларымыз үшін де алаңдайтын болдық. Түнде де, күндіз де көшеде алаңсыз жүре алмайсың, себебі ит қаптаған.
Қала әкімі бұл мәселеден құлағдар екенін жеткізді. “Заң бойынша қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынған, ал ең дұрыс шешім – иесіз жүрген төртаяқтыларды арнайы асырау орнына орналастыру”,- дейді мамандар.
АСҚАР ОРАЗАЛИНОВ, Мамлютка қаласының әкімі:
— Әлбетте мәселе бар. Бұған дейін облыс орталығына жүгіндім. Арнайы орындарға орналастыру керек дейді, ал Петропавлдағы үйсіз жануарларды асырау орталығы лық толы. Бұдан соң, Мамлюткада питомник салу жайлы жобаны қолға алдық. Қазіргі таңда сметалық құжаттары дайын, бірақ оны қаржыландыруға не аудандық, не облыстық бюджеттен ақша бөлінбеген. Тіпті қаңғыбас иттерді ұстап, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін де қосымша қаражат қажет.
Осы орайда қала басшысы бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізді. “Бірақ, қаңғыбас иттердің көбеюіне кейбір тұрғындардың үй жануарларына бейжай қарауы да себеп болуы мүмкін,- дейді. Өйткені, аталмыш жандар иттерін көшкенде немесе аулада ұстамай бос қоя жіберетін көрінеді.