Тыл ардагері Мария Чемардакова – Қызылжар ауданындағы Долматово ауылының тұрғыны. Ол дәл осы елді мекендегі көпбалалы, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сол себепті, нәзікжанды 10 жасынан бастап еңбек етуге мәжбүр болды. Оның жастық шағы ел үшін қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мария Федоровна жасөспірім еді. Ауылдағы ер азаматтар майданға кетіп, ауыр жұмыстың барлығы әйелдер мен балалардың иығына жүктелді. Тыл еңбеккерінің сөзінше, олар таңнан кешке дейін егістікте тер төкті.
МАРИЯ ЧЕМАРДАКОВА, тыл еңбеккері:
— Жер жырттық. Кейін тұқымды жерге қолмен себетін едік. Бұдан соң өгізге тырма іліп, топырақты тырмалаймыз. Жұмыс ауыр. Техника жоқ, барлығын қолмен істейміз. Егін шыққан кезде алқапқа кішкентай балаларды да әкелетін. Олар арамшөп жұлатын еді. Үстімізде дені дұрыс киім де болмайтын, жалаң аяқ едік. Бірақ барлығына төзіммен қарадық. Ол кезде жалқаулыққа жол жоқ болатын.
Кейін Марияны Свердловск, яғни қазіргі Екатеринбург қаласындағы Еңбек армиясына алып кетті. Бірақ жерлесіміз ол жақта іш сүзегіне шалдығып, ауруханаға түседі.
МАРИЯ ЧЕМАРДАКОВА, тыл еңбеккері:
— Бір ай бойы комада жаттым. Дәрігерлер менің тірі қалатыныма сенбеген. Аузыма су тамызып ғана қоятын. Дене қызуым жоғары еді, ес-түссіз болдым. Кейін күтпеген жерден есімді жидым, біртіндеп өз-өзіме келе бастадым. Бұдан соң тағы бір ай ауруханада жатып шықтым. Маған дертіме байланысты жұмыстан босатылғаным жайлы анықтама берді.
Ауруханадан шығып Мария Федоровна әкесінің қан майданнан жараланып келгенін естиді. Сөйтеді де туған ауылына қайтуға бел буады. Соғыстан кейін Мария Чемардакова ұзақ жылдар бойы колхозда түрлі қызмет атқарады. Кейуана тіпті ауылдық кеңесте депутат та болған.
МАРИЯ ЧЕМАРДАКОВА, тыл еңбеккері:
— Мен 6 жыл шошқа фермасында жұмыс істедім. 1952 жылы сауыншы болдым. 12 сиырдың барлығын қолмен сауатын едік. Әлі есімде бір жылдары мен белгіленген жоспарды орындап сыйақы ретінде маған 160 литр сүт берген болатын. Зейнетке 50 жасымда шықтым. Ал жалпы еңбек өтілім 34 жылды құрайды.
Қазіргі күні Мария Федоровна қызымен бірге облыс орталығында тұрады. Жақында кейуана өзінің 101 жасын атап өткен. Ғасыр жасаған ананың бүгінде 5 баласы, 11 немересі, 21 шөбересі мен 5 шөпшегі бар.
Ұлан Ыдырыс