Құқық қорғау органдары

Петропавлдағы жеке үйлердің бірінде заңсыз алкоголь сатқан адам құрықталды

Петропавл қаласының полицейлері жеке тұрғын үйлердің бірінде құрамында спирті бар 137 литр сұйықтық тәркіледі. Бұл «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. Ал мына шағын дүкеннің маңынан тәртіп сақшылары осы ащы суды сатып алған үш адамды қолға түсірді. Олар медициналық тексеріске жіберілді. Үшеуі де бұрын бұзақылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған. 68 жастағы құқық бұзушының айтуынша, ол арзан спирт сатып алып, оны сумен араластырып, жақын маңдағы тұрғындарға сатқан. Сондай-ақ, оларға темекі өнімдерін де ұсынған. Тексеріс барысында оның үйінен 40-тан астам контрафактілі темекі қорабы тәркіленді.

БЕЙБІТ ӘЛМҰХАМБЕТОВ, қалалық ПБ №10 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторы:

— 68 жастағы зейнеткердің 137 литр алкоголь өнімін және темекі бұйымдарын заңсыз сату фактісі анықталды. Оған қатысты әкімшілік материал жиналып, сотқа жолданады.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, контрафактілі алкогольды сақтау әрі сату – қылмыс. Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері Петропавл қаласында 5 мың литрға жуық заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді.

Ұлан Ыдырыс