Қоғам

Петерфельд-Архангельское-Новокаменка бағытындағы жол жөнделіп жатыр

Петерфельд-Архангельское-Новокаменка бағытындағы тасжолдың ой-шұқырлары қайтадан қалыпқа келтіріліп жатыр. Көлік ағыны жоғары. Ауыр жүк тиеген темір тұлпарлар асфальтты шыдатпайды. Маңызды іске жауапты мамандардың сөзінше, ауылдарды байланыстыратын жолдағы іс бір аптаның ішінде аяқталуы тиіс.

МҰХТАР НҰРСЕЙІТОВ, “ҚАЖсервис” ЖШС СҚО филиалының жол шебері:

— Жоспар бойынша бұл учаскеде 1 мың шаршы метр асфальт ауыстырылуы тиіс. Қазіргі уақытта 400 шаршы метр асфальт ауыстырылды. Сонымен қатар, жол белгілері де ауыстырылып жатыр. Аталмыш жұмыстарға 8 техника және 15 адам жұмылдырылған.

Жолды қалыпқа келтіруші – “ҚАЖсервис” серіктестігінің СҚО филиалы. Ұйым республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйіне жауапты. Жоспар бойынша биыл сатып алған 4 мың тонна асфальт және 400 тонна қиыршық тас пайдаға жаратылады. Кестеге енген учаскелер мамырдың 31-ші жұлдызына дейін жөнделеді.

ЖӘНІБЕК МҰҚАШЕВ, “ҚАЖсервис” ЖШС директорының орынбасары:

— Бүгінгі таңда арнайы жоспар құрылған. Ол бойынша республикалық маңызы бар жолдардың өңірдегі учаскелерінен 14 мың 800 шаршы метр таңдалды. Яғни, осынша жерді қайтадан қалыпқа келтіру керек. Бұл мақсатқа 163 адамнан тұратын 12 бригада әрі 85 техника жұмылдырылған. Соңғы есепке сүйенсек, біз 3 мың 600 шаршы метрдегі ой-шұқырды реттедік.

Петерфельд-Архангельское-Новокаменка ауылдарын жалғап тұрған жолдың жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Арнайы мамандар көлік қозғалысын тоқтатпаған. Осы орайда жүргізушілерден жөндеу жұмыстарының сапасы жайлы білдік. Айта кетейік, жалпы өңірде республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды.

Ұлан Ыдырыс