Петропавлда білім беру жүйесіндегі конституциялық қағидаттарды ілгерілетуге арналған маңызды жиын өтті. Басқосу барысында сала мамандары оқу үдерісінің сапасын арттыру және құқықтық қорғалуды қамтамасыз етудің өзекті тетіктерін талқылады.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
— Бүгінгі шарада педагогикалық қауымдастықтағы оқу процесін ұйымдастыруға қатысты оймен бөлісемін. Конституциядан алыстай алмаймыз. Өскелең ұрпаққа тәрбие беру барысында Ата заңды насихаттау ғана емес, оны күнделікті тәжірибеде қолдану да ерекше мәнге ие. Осы ретте педагогтер мен оқушылар білім беру жүйесінің тұтас бір бөлшегі ретінде қарастырылуы тиіс, себебі Конституция – барлық саланың негізгі тірегі.
Жиында білім беру саласын жаңғырту бағытындағы мемлекеттік бастамалар да кеңінен сөз болды. Соңғы жылдары елімізде жаңа форматтағы мектептер салынып, заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруге, оқыту процесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашуда.
ГҮЛНӘР ТАЛАСБАЕВА, СҚО білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде инфрақұрылым жүйелі түрде дамып келеді. Соның бір көрінісі – «Келешек мектептері» жобасы. Аталған бастама аясында республика бойынша 217 білім ошағы салынып, ел игілігіне берілді. Қазір бұл мектептерде 460 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Жоба бізде де жүзеге асырылды. Өңірде 2 мектеп салынды.
Шара соңында қатысушылар осы сынды жиындар тәжірибе алмасу үшін аса қажеттігін баса айтты. Білім беру жүйесіндегі конституциялық қағидаттарды ілгерілетуге арналған шаралар жер-жерде өтпек.