Аққайың ауданындағы Полтавка орта мектебінде ауқымды облыстық семинар өтті. Басқосуда “Жас ғалым” жобасы талқыланды. Аталған бастама ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Яғни, заманауи технологиялар арқылы елді мекендердегі балалардың зерттеушілік әлеуетін аша отырып, ауылдағы ұл-қыздарға жоғары деңгейде білім алуға мүмкіндік жасау.
РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының директоры:
— Біздің мақсатымыз – балалардың ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Шара аясында педагог әріптестеріміз үшін шеберлік сағаттары мен демо-сабақтар өткізілді, жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды білім беруде қолдану әдістері көрсетілді. Бұның бәрі жоба аясында балаларға жоғары деңгейде, сапалы білім бере алу үшін ұйымдастырылды.
“Жас ғалым” жобасы Полтавка орта мектебінде қыркүйек айында қолға алынды. Бүгінгі күні оң нәтижесін беруде. Мәселен, мектептің жас іздемпаздары пилотсыз басқарылатын комбайн мен астық және шөпті өздігінен жинайтын автоматты техникалардың үлгісін жасап шығарды. Мұдай жетістіктер ауылдың тумасы, “Полтавка” серіктестігінің директоры Ерлан Зикириннің қолдауымен мүмкін болды. Кәсіпкер мектептің материалдық базасын жаңартуға 140 млн теңгеге жуық қаражат бөлген.
ЕРЛАН ЗИКИРИН, “Полтавка” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Кабинеттерді жабдықтадық, 3D принтерлер мен лазерлік станоктар алдық. Балалар қазірдің өзінде станоктарда бөлшектер қиып, техниканы меңгеріп жатыр. Біз бұл жобаны 10 жылға жоспарладық, техника ескірсе, жаңартып отырамыз. Мұның бәрі балалардың болашағы үшін жасалды. Өз ауылымды, жерлестерімді әлі де дамытқым келеді.
“Жас ғалым” авторларының айтуынша, жобада сонымен қатар жаңартылған оқу бағдарламасы да қарастырылған. Бағдарлама Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесе әзірленген. Мұнда балалар тек техникамен жұмыс істеп қоймай, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, логика сынды пәндер бойынша білім алады.
БЕРІК ҰЗАҚБАЙҰЛЫ, “Жас ғалым” жобасының үйлестірушісі, Қызылжар ауданы:
— Балалар жаңа технологиялар арқылы көптеген жобаларды, макеттерді жасауға мүмкіндік алады. Мектеп қабырғасында көптеген дағдыларды меңгереді. Кейін түлек болып мектеп бітіргенде дайын маман болып шыға келеді. Мектепте барлық саланы татып көргеннен кейін, болашақта мамандығын нақты таңдай алады.
Полтавка орта мектебіндегі оң өзгерістер семинарға қатысқан өзге аудандардың өкілдерін қызықтырды. Олар ауыл балаларының заманауи технологияларды еркін меңгергеніне куә болып, жобаны өздерінде жүзеге асыру мүмкіндігін жоғары бағалады.
БЕРІК САПАНОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
— “Жас ғалым” жобасы білім саласының жетістігін көрсетіп отыр. Жеке шаруашылық қожалығының үлкен қолдауы бар екен.
Семинар қорытындысы бойынша Полтавка орта мектебінің тәжірибесі өңірдегі өзге де ауылдық білім ошақтарына үлгі ретінде ұсынылды. Ендігі кезекте бағдарламаны облыстың өзге мектептеріне тарату жоспарлануда.
Жаннұр Бектұрғанова