28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Бұл мерекелік дата 2003 жылы жұмысшылардың өтініш-тілегі аясында тер төгіп және жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген мамандардың құрметіне жарияланған. Аталған сала өкілдерінің шаруасы шаш етектен. Бұған себеп – бұзушылықтардың тіркелуі. Кейбір ұйымдар жалақы бермейді, ал кейбірінде техникалық талаптар сақталмайды, оқыту ұйымдастырылмайды. Осыған байланысты заң қатаңдап тұрады.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 93-бабына өзгерістер енгізілді. Жұмыс беруші бұрын өндіріс орнында нұсқаулық немесе аттестаттау өткізбесе, оқыту жүргізбесе, жеке қорғаныс заттарын бермесе ескерту жасалса, қазір айыппұл салынады. Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 23-бабы да өзгерді. Қазіргі таңда қызмет ұсынушы тарап еңбек шарты жасалса немесе бұзылса, бұл деректі Enbek.kz цифрлық платформасына енгізу қажет.
Әйтпеген жағдайда бұрынғыдай ескерту жасалмайды, айыппұл салынады. Жиында осы және өзге де деректер айтылды. Шараға аудандардан да сала өкілдері шақырылыпты. Тайыншадағы «BioOperations» серіктестігінде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет.
АЛЛА ПЫЖОВА, «BioOperations» ЖШС еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы, Тайынша ауданы:
— Жасырудың қажеті жоқ, бізде бұзушылықтар мен салдары ауыр емес жазатайым оқиғалар болды. Мысалы, осыдан 3 ай бұрын жұмысшы аяғын жарақаттап алды. Бұл – тіркелген әзірге соңғы жайт. Мұндай кезде маманға материалдық қолдау көрсетеміз. Жалпы, серіктестікте қауіпсіздік жайлы жиі айтылады. Мақсатымыз – адамдардың амандығын қамтамасыз ету.
Мерекелік шара соңында департамент бастамасымен ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары марапатталды. “Үздік инженер”, “Үздік қауіпсіздік қызметі” және “Үздік техникалық инспектор” аталымдары бойынша топ жарғандарға марапат табысталды.
Байболат Құлтанов