Білім

Білім беру саласына медиацияны енгізу мәселесі талқыланды

Ата-ана мен оқушы және мұғалім арасындағы дау-дамайдың алдын алу. Петропавлда “Медиация негіздері: теория және практика” тақырыбында семинар өтті. Маңызды шараға өңірдің түкпір-түкпірінен ұстаздар шақырылған. Оларға кәсіби медиаторлар дәріс оқыды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚО ҚХА медиация кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор:

— Білім беру саласына медиацияны енгізу қажет. Бүгін ұстаздарға оқу орнының ішінде орын алған қақтығыстарды қалай шешу қажет екендігін түсіндіреміз.

Кезінде қазақ қоғамында неше түрлі даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен ғана шешкен аузы дуалы билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазіргі таңда олардың орнын медиаторлар басып отыр. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ұстаздар кәсіби мамандардан тәжірибе жинап, тәлім алса, білім беру саласындағы құқықбұзушылықтардың саны азаяр еді. Айта кету керек, биыл облыста 15 оқушы “Буллингке тап болдым” және “Педагогтен қысым көрдім” деп полицияға шағым түсіріпті.

МӘДИНА БАЙМАҒАНБЕТОВА, академик Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

— Шарадан мол ақпар алдым. Несін жасырайын, мектепте оқушылар арасында сөз таластыру болып тұрады. Мәселені бірден шешеміз. Ұл-қыздар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Айта кетейін, біздің мектептің оқушылары мұғалімге қарсы шықпайды. Ондай фактілер тіркелген жоқ.

Айта кету керек, облыста 30-дан астам кәсіби медиатор бар. Олар 5 жылдың ішінде ұстаздарға арналған 3 семинар өткізіпті.

 

Нұрасыл Ахмет