Қоғам

Сенбіде облыс тұрғындары 70 мың көшет отырғызды

Сенбі күні ел тұрғындары бір уақытта жаппай ағаш екті. Игі акциядан солтүстікқазақстандықтар да қалыс қалмады. Таң сәріден жерлестеріміз Пестрое көлінің маңына жиылды. Қолдарына күрек ұстаған жандар алдағы уақытта экопарк салынатын аумаққа жасыл желек отырғызуда. Басты мақсат – қоршаған ортаға көрік беріп, ағаш қорын молайту. “Таза Қазақстан” акциясы өткен шараға ерікті жастардан, еңкейген қарияға дейін қатысты.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, спорт ардагері:

— Тәрбие – тазалықтан басталады. Өз басым бүгінгі шараға жастардың көп келгені қуантады. Бұл дегеніміз қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны. Игі акциялар алдағы уақытта да көптеп өткізілсе екен деймін.

Бұл күні тазалық шарасы еліміздің түкпір-түкпірінде өтті. Акцияның өтуіне Мемлекет басшысы мұрындық болды. Ол тікелей эфирде ағаш егіп жатқан отандастарымызға алғысын білдірді. Бүгінгі өткен шараға еңбек ұжымдары да көптеп жиналды. Мәселен, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-нан Пестрое көліне 25 адам келген. Кәсіпорын мамандары тазалық акцияларынан қалмайды.

ДИНА БЕГАЛИНА-ҚОЖАХМЕТОВА, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бөлім маманы:

— Біз жалпықалалық акциялардан қалмаймыз. Кәсіпорын маңын да үнемі ретке келтіреміз. Тазалық болмаса кез келген жұмыс алға баспайды.

Бүгінгі шарада ағаш отырғызылып қана қойған жоқ. Пестрое көлінің маңы күл-қоқыстан тазартылды. Акцияға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов белсенді қатысты. Ол да аумаққа көшет отырғызып, маңайды жинастырды. Шараға жастар көп жиналған. Олар бұл игі істі өздерінің парызы санайды.

ТОМИРИС МАРАТ, НЗМ оқушысы:

— Біз үнемі оқу орнының аумағында сенбіліктер ұйымдастырамыз. Бүгінгі шараның өтетінін әлеуметтік желіден көрдім. Өз үлесімді қосқым келді.

Айта кету керек, Пестрое көлінің маңында өткен шараға 450 адам қатысып, 200 қайың мен қарағай көшеттері егілді. Бұл күні мұндай акциялар өңірдің түкпір-түкпірінде өтті. 12 мыңнан астам облыс тұрғыны 70 мың көшет отырғызды.

Нұрасыл Ахмет