ТЖ

Өрт сөндірушілердің оқу-жаттығуы

Петропавлдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінен өрт шықты. Бірақ, бұл – шынайы емес, ай сайын өтетін оқу-жаттығу болып саналады. Алдын ала сценарий бойынша жалын нысанның 4-ші қабатында таралған. Оқиға орнына 4 минуттың ішінде келген өрт сөндірушілер бірден жанталаса іске кірісті.

Арнайы топ ғимараттың ішінде қалып қойған адамды қызыл жалыннан құтқарып қалды.

ДМИТРИЙ НЕКРАСОВ, оқу-жаттығу жиынына қатысушы:

— Мен құтқарушыларды 4-ші қабатта күтіп отырдым. Олар дереу келіп, маған газ тұмылдырық кигізді. Барлығын өте жылдам атқарды. Өзім де өрт сөндіруші мамандығы бойынша білім аламын. Бұл мен үшін зор тәжірибе болды.

Жалпы, оқу-жаттығуға қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің 45 құтқарушысы қатысты. Олар 15 минуттың ішінде 12 метр биіктікте орналасқан қабаттағы өртті толығымен ауыздықтап, сөндірді. Тілсіз жаумен күреске 16 техника жұмылдырылды, олардың ішінде екеуінің арнайы сатысы бар.

МҰСА ЖАҚСЫБАЕВ, СҚО ТЖД өрт байланысының орталық пунктінің бастығы:

— “Өрт” тактикалық оқу-жаттығуының ең басты мақсаты – ол қызметкерлердің өрт орнынан адамдарды және балаларды құтқару. Сонымен қатар, бұл арқылы өрт сөндірушілердің жұмыстарын пысықтау. Өрт орнынан 10 адам құтқарылды.

Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері өңірде 157 өрт тіркелген. Тілсіз жаудан 16 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алған.

Ұлан Ыдырыс