Мәдениет

Дәстүр жалғасын тапты: Наурыз мейрамы тойланды

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылған гимназия-интернатында Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мейрамы тойланды. Мерекелік іс-шараны ата-аналар мен оқушылар бірлесе ұйымдастырған. Жылдағы дәстүрге сай мұнда киіз үйлер тігілді, ақ дастарқан жайылып, үстел тағамдарға толды.

Биыл Наурыз мейрамы байқау форматында атап өтілді. Қатысушы команданың саны 10-нан асып жығылады. Қазылар осылардың көрсеткен өнерін, киіз үйлерді безендіруін және салт-дәстүрді көрсете білуін бағалады.

МӘДИНА БЕКТАСОВА, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандырылған гимназия-интернаты директорының орынбасары:

— Барлық сыныптар киіз үй құрып, дастарханын көрсетіп, жақсы деңгейде тойлап отыр. Ата-аналар мен оқушылар әдет-ғұрпымызды, ұлттық болмысымызды жаңғыртып жатыр. Барша қазақстандыққа тек жақсылық, зор денсаулық тілейміз”. “Жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын! Ақ мол болсын, Наурыз құтты болсын!.

Наурыз әдетте көктемнің алғашқы айының соңында тойланады. Мектеп ұжымы биыл кештеу атап өтуді жөн көрген екен. Ашық аспан астындағы, жылы ауа райындағы думан көптің көңілінен шықты. Жастар да, үлкендер де ұмытылмас әсер алды. Ата-аналардың, оқушылардың төккен тері ақталды. Шара соңында қазылар ұпай сандары бойынша үздіктерді анықтап, марапат табыстады.

Жаннұр Бектұрғанова